Қазақстан мектептеріндегі бастауыш сыныптарда өткізілетін бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалаулар (БЖБ мен ТЖБ) алынып тасталуы мүмкін. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен кулуарда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінде бастауыш сыныптарда қолданылып жүрген критериалды бағалау жүйесіне өзгеріс енгізу мәселесі жан-жақты қарастырылып жатыр.
Оның сөзінше, соңғы уақытта БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларының интернетте сатылып жатқаны анықталған. Бұл жағдайға құқықтық тұрғыдан баға берілуі тиіс.
Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова әлемнің көптеген дамыған елдерінде критериалды бағалау жүйесі қолданылғанымен, бастауыш сынып оқушылары үшін мұндай жиынтық бағалаулар өткізілмейтінін атап өтті.
«Сондықтан қазіргі таңда министрлік бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізуді тоқтату мәселесін талқылап жатыр», – деді министр.
Сондай-ақ министр 2016 жылдан бері енгізілген критериалды бағалау жүйесі күткен нәтижені толық бере алмағанын жасырмады.
«Ата-аналардан да, мұғалімдерден де бұл жүйеге қатысты көптеген сын-ескертпелер түсіп жатыр. Әсіресе бағалауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне байланысты наразылық аз емес», – деді ол.
Алайда министр критериалды бағалау жүйесінің жалпы тиімділігіне толыққанды талдау жүргізу Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне кірмейтінін айтты.
Егер ұсыныс қолдау тапса, Қазақстандағы бастауыш сынып оқушылары үшін БЖБ мен ТЖБ өткізу тәжірибесі тоқтатылып, бағалау жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілуі мүмкін.