Қазақстандағы ажырасу, аралас неке, әке беделі және бала тәрбиесі туралы пікірталас толастар емес. Филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Асылы Осман бұл мәселелерді ұлттық тәрбие мен отбасылық жауапкершіліктің әлсіреуімен байланыстырды. Ол бұл туралы Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты деп жазады Democrat.kz.
«Қазақ жесірін жылатып, баласын жетім етпеген»
Асылы Осман елде ажырасудың жиілегеніне алаңдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, бұрын ерлі-зайыптылар отбасын бұзбас бұрын баланың болашағы мен әулеттің жауапкершілігін көбірек ойлаған.
«Қазіргі таңда елімізде ажырасу көрсеткіші өте жоғары болып тұр. Бұрын қазақта мұндай бар ма еді? Бұрын да ажырасу болған, бірақ бұлай емес еді ғой. Белгілі бір себептерге байланысты келісіп, шешім қабылдайтын. Дегенмен мұндай жағдай өте сирек кездесетін», — деді ол.
Қоғам қайраткері дәстүрлі қазақ қоғамындағы жесір мен жетімге қамқорлық жасау тәжірибесін мысалға келтірді.
«Қазақ ешқашан жесірін жылатып, баласын жетім етпеген. Қандай қамқорлық десеңші! Ағасы қайтыс болса, інісі жесірін де, жетімін де қаңғыртпаған. Ал бүгінде ондай емес қой. Ерлі-зайыптылар бірінен соң бірі ажырасып жатады. “Қатыннан қатынның жорғасы бар ма?” дегендей, бұл не деген сұмдық? Неге солай етеді? Одан да өмірлік серігіңмен жақсылап тіл табысып өмір сүргенге не жетсін», — деді Асылы Осман.
Ол отбасы қандай жағдайда да тек бір адамның жауапкершілігіне сүйенбеуі керектігін айтты. Дегенмен ер азаматтың бала алдындағы міндетін ерекше атап өтті.
«Ер азамат аздап серілік жасаса да, ең бастысы балаға ие болуы керек қой», — деді ғалым.
Аралас неке туралы не айтты?
Сұхбат барысында Асылы Осман өзге ұлт өкілдерінің некесіне қатысты да пікір білдірді. Ол мұндай отбасыларда дін, тіл, дәстүр және баланың болмысына байланысты түсініспеушіліктер тууы мүмкін деп есептейді.
«Шын мәніне келгенде, мен өзге ұлт өкілімен отбасын құрғанды, тұрмысқа шыққанды немесе үйленгенді онша құптамаймын. Сондай некеден туған бала қор болады. Ертеңгі күні ерлі-зайыптылар өзара тіл табысып кеткенімен, кейін біреуі балаға: “Сенің шешең де, әкең де мынадай болған”, — деп сөз тигізуі мүмкін», — деді ол.
Ғалымның пайымдауынша, ересектер арасындағы келіспеушіліктің салмағын бала көтермеуі керек.
«Балаға қиындық көрсетпеу керек. Дүниеге келген бала — ең қасиетті, ең қымбат жан. Сондықтан оны толыққанды адам ретінде дұрыс тәрбиелеу қажет», — деді Асылы Осман.
Ол әр халықтың өзіндік дүниетанымы мен отбасылық дәстүрі бар екенін алға тартты.
«Әр ұлттың өзіндік әдет-ғұрпы, салты мен дәстүрі бар. Барша ұлтта дәстүр болғанымен, қазақтың жеті ата тарататын ерекшелігі өзгеде жоқ. Жат ұлтпен бас қосқанда осы салт-дәстүрге келгенде қиындық тууы мүмкін. Мысалы, басқа діндегі өкілге тұрмысқа шықтың делік. Оның діні де, ділі де бөлек. Сонда қайсыңның дініңді ұстанасыздар? Әйелдің дінін бе, әлде күйеуінің дінін бе?» — деді қоғам қайраткері.
Асылы Осман мұндай некеден туған баланың мәдени және діни болмысына қатысты сұрақтар туындауы мүмкін деп санайды.
«Мұндай отбасынан туған ұрпақтың болмысы да бұлыңғыр болады. Ертең қызың кімге тұрмысқа шығады, ұлың кімге үйленеді? Осындай үлкен қиындықтар туындайтынын айтып отырмын. Мақұл, ғашық болып, сүйіп қосылды делік. Бірақ сүйіспеншілік дегеннің де түр-түрі бар», — деді ол.