"Чаттардағы шу": "Ата-аналар комитеті" дегенді жоятын уақыт келмеді ме, министр ханым?

"Чаттардағы шу": "Ата-аналар комитеті" дегенді жоятын уақыт келмеді ме, министр ханым?

Қазақстан мектептеріндегі «ата-аналар комитеті» бастапқы қоғамдық міндетінен әлдеқашан алыстап, кей мектептерде мұғалімнің тапсырмасын орындайтын, ақша жинайтын, сыйлық ұйымдастыратын бейресми құрылымға айналған жоқ па? Ең қауіптісі – бұл жүйеде жауапкершілік көбіне ешкімге жүктелмейді: мектеп «ата-аналар өздері шешті» дейді, мұғалім «мен ақша жинаған жоқпын» дейді, ал ақшаны чатта ата-аналардың бірі жинап отырады. Соңында қысым көретін де, зардап шегетін де – бала. Осыған байланысты ата-аналар комитетінің қазіргі форматын түбегейлі қайта қарау қажет пе деген мәселе туындайды, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстан мектебіндегі ең жабық әрі ең аз реттелген институттардың бірі – «ата-аналар комитеті».

Атауы ресми естілгенімен, оның нақты өкілеті қандай? Комитетті кім сайлайды? Ол кімнің алдында есеп береді? Қанша ақша жинауға құқылы? Ақша жинауға жалпы құқығы бар ма? Сынып жетекшісі комитет төрағасын өзі белгілей ала ма? Комитет басқа ата-аналардың атынан шешім қабылдай ала ма?

Осы сұрақтардың көпшілігіне ата-аналардың өздері де нақты жауап бере алмайды. Ал іс жүзінде жағдай мүлдем басқа.

Комитет пе, әлде мұғалім мен ата-ананың арасындағы делдал ма?

Көп мектепте ата-аналар комитетінің басшысын ата-аналардың жалпы жиналысы ашық дауыс беріп сайламайды. Көбіне сынып жетекшісіне жақын, мұғаліммен жақсы тіл табысатын белсенді ата-аналардың бірі алға шығады.

Содан кейін дәл сол адам ата-аналар чатын жүргізеді. Мұғалімге сыйлық алу керек пе – сол ұйымдастырады. Сыныпқа ақша жинау керек пе – сол жазады. Мерекелік дастарқан керек пе – сол есептейді. Балаларға қосымша кітап керек пе – сол ақша жинайды. Тіпті кейде мұғалімнің өзі чатқа ақша туралы бір ауыз сөз жазбайды. Барлық жұмысты «ата-аналар комитеті» атқарады. Ол жұмыстар "мұғалімсіз чатта" жүзеге асырылады. 

Осы тұста ең қауіпті құқықтық сұрақ пайда болады: егер ақша жинауды мұғалімнің орнына ата-аналардың бірі ұйымдастырса, мектеп пен педагог жауапкершіліктен автоматты түрде босай ма?

Жоқ деген жауап қисынды көрінеді. Өйткені ақшаның нақты кімнің картасына түскені ғана емес, оны жинауға кім бастамашы болды, ақша не үшін жиналды және төлемеген ата-анаға немесе балаға қысым жасалды ма деген мәселелер маңызды. Міне, осылайша оқушысынан сыйлық алып дәніккен кей мұғалімдер жазадан сытылып, құтылып кетеді. Ал шындығында, "комитет" ең бірінші оқушы үшін емес, сынып жетекшісі үшін қызмет атқаратынын бірі білсе, бірі біле бермес. 

«Сынып қоры» деген заңда бар ма?

Мектеп чаттарында жиі кездесетін сөздердің бірі – «сынып қоры». «Бірінші жартыжылдыққа пәлен мыңнан жинаймыз». «Мұғалімге сыйлыққа ақша». «Кабинетке перде алу керек». «Принтерге қағаз аламыз» «Балаларға су». «Мерекеге безендіру».

Бірақ «сынып қоры» атауы оның заңды қаржы механизмі екенін білдірмейді.

Қазақстан заңнамасында ата-аналар комитетіне әр ата-анадан міндетті жарна белгілеуге мүмкіндік беретін жалпы өкілеттік берілмеген.

Мемлекеттік мектептегі негізгі білім беру қызметі тегін. Ал ақылы қосымша қызмет көрсетілсе, ол ресми тәртіппен рәсімделуге тиіс.

Осы себепті: «әр оқушының шешесі пәлен мың теңгеден тапсыруға міндетті» деген талап пен «қалаған ата-аналар өз еркімен ортақ шығынға қатыса алады» деген ұсыныстың құқықтық табиғаты мүлде бөлек.

Екіншісі – ерікті бастама. Біріншісі – мәжбүрлі қаржы жинауға айналуы мүмкін.

Ең тиімді схема: «Мұғалім ақша жинаған жоқ»

Мектептегі ақша жинаудың ең үлкен проблемасы да осында. Ресми тексеріс келгенде:

— мұғалім ақша жинаған жоқ;

— мектеп әкімшілігі тапсырма берген жоқ;

— ата-аналар өздері келісті;

— ақша ата-аналардың бірінің картасына түсті;

деген жауап айтылуы мүмкін.

Формалды түрде мұғалімнің аты еш жерде көрінбейді. Бірақ ата-аналар ортасындағы шынайы жағдай әлдеқайда күрделі болуы ықтимал.

Ата-ана «ақша бермеймін» десе, оның алдында бір ғана мәселе тұрмайды.

Ол: «Ертең мұғалім балама қалай қарайды?» деп қорқады.

Тағы: «Сыныптағы басқа ата-аналар баламды бөліп тастамай ма?»

деп алаңдайды. Балаға: «Сенің мамаң ақша берген жоқ»,

деген тікелей ешкім айта қоймас. Алайда біздің елде қалыптасқан бір жағдай бар. Анасы заңсыздыққа қарсы шыққан балаға мектептегі мұғалімдері мен сыныптастары көздерін алартып, байқатпай мүйіздейді. 

Қорқыныш арқылы қалыптасқан «еріктілік»

Бұл мәселенің әлеуметтік жағы заңдық жағынан да ауыр. Мектепте баласы бірнеше жыл оқитын ата-ана мұғаліммен ашық қақтығысқысы келмейді.

Өйткені ересектер арасындағы жанжалдың салдары балаға тиіп кетуі мүмкін екенін түсінеді. Осы себепті көп ата-ана: 

ақшаның заңсыз жиналып отырғанын сезсе де,

соманың қайда кеткенін білмесе де,

сыйлыққа қарсы болса да,

бітіру кешінің шығынына келіспесе де,

үндемей төлейді.

Бұл – келісім емес. Бұл – баласының тыныштығы үшін жасалған амалсыздық болуы мүмкін.

4, 9, 11-сынып: ақша жинаудың «маусымы»

Мәселе әсіресе бітіруші сыныптарда ушығады. Қазақстан мектептерінде 4, 9 және 11-сынып ата-аналары арасында: мұғалімдерге сыйлық, гүл, мектеп әкімшілігіне сыйлық, фотосессия, альбом, мейрамхана, лимузин, безендіру, аниматор, мерекелік бағдарлама сияқты шығындарға қомақты ақша жиналатыны жасырын құбылыс емес.

Ал мемлекет жыл сайын бұған тыйым салатынын ескертіп келеді.

Мәселен, 2026 жылы Оқу-ағарту министрлігінің талаптары негізінде мектеп бітіру іс-шараларында ата-аналардан ақша, сыйлық және өзге де материалдық құндылықтар жинауға жол берілмейтіні қайта-қайта ескертілді. Мейрамхана, кафе, банкет залында кеш өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға және таң қарсы алу шараларын өткізуге де шектеу қойылған. Құлақ асып, орындаған пенде бола қоймады. Керісінше, бүкіл әлеуметтік желіде бітіру кештерін думандатып өткізген оқушылардың жарысы үздіксіз айналды. 

Бірақ осыған қарамастан, мұндай шаралар жыл сайын қайталанады. Неліктен?Өйткені мектеп: «Оны ата-аналар ұйымдастырды» деп жауап береді.

Осы бір сөйлем көптеген жағдайда жауапкершіліктің арасынан сырғып шығатын әмбебап қорғанысқа айналғандай.

Баланың қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Бітіру кешіне байланысты мәселе тек ақша емес. Бұл – баланың өмірі мен денсаулығы.

Мемлекеттік органдардың мектеп бітіру кезінде автокортежге, мейрамханаға, табиғат аясына шығуға және таң қарсы алуға арнайы тыйым салуы кездейсоқ емес. Мұндай шараларда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселесі туындайды.

Сонда тағы бір принципті сұрақ бар: ата-аналар комитеті ұйымдастырған шара кезінде балаға бір нәрсе болса, кім жауап береді?

Мектеп пе?

Сынып жетекшісі ме?

Комитет төрағасы ма?

Ақша жинаған ата-ана ма?

Әлде баласын жіберген ата-ананың өзі ме?

Егер жауапкершілік осылай шашыраңқы болса, мұндай бейресми құрылымдардың кәмелетке толмаған балаларға қатысты үлкен іс-шара ұйымдастыруына неге жол беріледі?

Ата-аналар комитеті заңда мүлде жоқ па?

Қазақстанның бірқатар нормативтік актілерінде «ата-аналар комитеті» деген атау кездеседі.

Мәселен, мектеп формасына қатысты талаптарда қамқоршылық кеңес пен ата-аналар комитеті аталады. Педагогикалық кеңес отырысына да қажет болған жағдайда ата-аналар комитетінің өкілдері шақырылуы мүмкін.

Қамқоршылық кеңес туралы қағидада да оның ата-аналар комитетімен өзара іс-қимыл жасайтыны көрсетілген.

Бірақ осының ешқайсысы: «ата-аналар комитеті сыныпта міндетті ақша жинай алады» деген құқық бермейді. Бұл – өте маңызды айырмашылық.

Комитеттің бар болуы – оның қаржы жинауға шексіз өкілеті бар деген сөз емес.

Комитеттің бастапқы міндеті қайда қалды?

Ата-аналардың мектеп өміріне араласуының өзі жаман құбылыс емес. Керісінше, ата-аналар: балалардың қауіпсіздігін, тамақтану сапасын, буллинг мәселесін, оқу жағдайын, тәрбие жұмысын, мектеп инфрақұрылымын бірлесіп талқылайтын болса, оның пайдасы зор.

Бірақ ата-аналар комитетінің негізгі жұмысы: «кім ақша жинайды?», «мұғалімге не аламыз?»,«қанша өткіземіз?», «кім әлі ақша бермеді?» деген сұрақтардың төңірегінен алыстаған емес. Сенбесеңіз, мұғалімсіз ата-аналар чатына бір көз жүгіртіңізші. "Пәлен сабақтан қандай тапсыррма берді?", "түген жаттығуды қалай орындаймыз?", "бүгін қаншада шығады?" дейтін түкке пайдасы жоқ сұрақтар мен ақша жинауға бағытталған түрлі жазбаларды ғана көресіз. 

Жұлдыз Сүлейменова бұл жүйеге араласа ма?

Көтеріліп отырған мәселе бір мектепте немесе бір мұғалімге қатысты емес. Мәселе – республика бойынша қалыптасқан жүйеде. Сондықтан министрлік "ата-аналар комитеті қажет пе?" және "қажет болса, не үшін қажет?" деген екі нақты сұраққа жауап беріп, жоғарыда аталған "ата-аналар комитеті - ақша жинаудың төте жолы" деген проблеманың тамырына балта шабуға тиіс.

Түбіне үңіліп қараған сауатты азамат ата-аналар комитеті дегеннің кімнің пайдасына жұмыс істейтінін, не үшін, қандай мақсатта құрылатынын қиналмай-ақ біледі. Білім саласындағы көзге еленбейтін, бірақ миллиондап ақша айналып жатқан ата-аналар комитетінің тамырын тереңге жайған қызметіне нүкте қоятын уақыт келген жоқ па? Әлде, көрсек те, көрмеген болып әрі қарай мүлгіп отыра берейік пе? Бұған не айтасыз, Жұлдыз Досбергенқызы? 

Мүмкін, ата-аналар комитетін қазіргі күйінде жою керек шығар?

Бұл жерде ата-ананың мектеп өміріне қатысуын жою туралы сөз болып отырған жоқ.

Керісінше. Ақша жинайтын бейресми комитеттің орнына өкілеті, жауапкершілігі және жұмыс тәртібі анық қоғамдық орган қажет.

Мүмкін, ата-аналар комитетін таратып, оның орнына ақшаға қатысы жоқ, ашық сайланатын ата-аналар кеңесінің жаңа моделін енгізетін уақыт келген шығар.

Өйткені мектептегі ең әлсіз адам – директор да емес, мұғалім де емес, ата-ана да емес.

Ол – бала. Ал ересектер құрған кез келген жүйенің ең бірінші міндеті – сол баланы қорғау болуы тиіс.

Дайындаған - Мәриям КЕНЕСАРЫ. 

Барлық жаңалықтар