Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты тағы бір сот басталды. Бұл жолы айыпталушылар орындығында бұрынғы жоғары лауазымды полиция қызметкерінің жүргізушісі отыр, деп жазады Democrat.kz.
Алматыда бұрынғы қала полициясы басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі болған полиция қызметкеріне қатысты сот процесі басталды.
Тергеу оған ауыр салдарға әкелген қызметтік әрекетсіздік айыбын тағып отыр.
Іс Әл-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан резонансты жол апатына байланысты.
Соттағы мәлімет бойынша, апат болған күні жүргізуші қызметтік Hyundai Palisade көлігін жұмыс аяқталған соң гаражға қайтаруға тиіс болған.
Алайда ол автомобильді жеке мақсатта пайдаланып, мейрамханаға барған.
Тергеу материалдарында сол түні оның көлігі мен кейін өлімге әкелген апат жасаған басқа автомобильдің жолда бір-бірін бірнеше рет басып озғаны туралы мәлімет бар.
Ержан Ұзабаев сотта куәгер ретінде жауап беріп, жүргізушіге қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалануға рұқсат бермегенін айтты.
Іс бойынша сот жалғасуда.