Ерлан Қарин мәлімдеме жасады: Президент нақты тапсырмалар берді

Ерлан Қарин мәлімдеме жасады: Президент нақты тапсырмалар берді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуден кейін арнайы мәлімдеме жасады. Ол Мемлекет басшысының қабылдауында қандай мәселелер көтерілгенін және алдағы уақытта қандай бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты, деп жазады Democrat.kz.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанын хабарлады.

Оның айтуынша, кездесу барысында ішкі саясаттың басым бағыттарын іске асыру, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Президент бастамаларын ілгерілету жөніндегі жұмыстар талқыланған.

«Мемлекет басшысының қабылдауында болып, ішкі саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыру, Президент тапсырмаларын орындау мен бастамаларын ілгерілету жөнінде есеп бердім», — деп жазды Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Президентке конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру, қоғамда жаңа этикалық ұстанымдарды қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндаған.

Сондай-ақ кездесуде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу мәселелері қаралған.

Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысына этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету және мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы да ақпарат берілген.

«Сондай-ақ Президентке этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқығы мен мүддесін қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіруге бойынша ағымдағы жұмыстар жайында ақпарат бердім», — деді Мемлекеттік кеңесші.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берген.

«Кездесуде Президент бірқатар нақты тапсырма берді. Енді соларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз», — деп мәлімдеді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Президент берген тапсырмалардың нақты мазмұнын жеке-жеке ашып көрсеткен жоқ. Дегенмен оның жазбасында ішкі саясат, қоғамдық құндылықтар, тәрбие, балалардың құқықтарын қорғау және ақпараттық саясат бағыттары қамтылған.

 

Барлық жаңалықтар