Стамбұлды алапат сел басты: адам шығыны бар, қалада төтенше жағдай қалыптасты

Стамбұлды алапат сел басты: адам шығыны бар, қалада төтенше жағдай қалыптасты

Түркияның ең ірі қаласы Стамбұлда толассыз жауған нөсердің соңы қайғылы оқиғаларға ұласты. Қала көшелерін су басып, көліктерді тасқын ағызып әкеткен. Табиғат апатының салдары күн өткен сайын белгілі болып жатыр, деп жазады Democrat.kz.

14 қазанда Стамбұлда басталған нөсер салдарынан қаланың бірнеше ауданын су басып, екі адам қаза тапты.

Қайғылы оқиғалардың бірі Фатих ауданында тіркелген. 14 жастағы жасөспірім жаңбыр суы жиналған жерге аяқ басқанда электр тогына түсіп, ауруханада көз жұмды.

Екінші қайғылы жағдай Сарыер ауданында болған. Тасқын су басқан жолдан өтпек болған 34 жастағы ер адам тайып құлап, басын соғып алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Стамбұл губернаторлығының мәліметінше, 14 қазан күні сағат 06:00 мен 20:00 аралығында төтенше жағдай қызметтеріне 2518 шақырту түскен. Қалада 1277 су басу, 15 жер көшкіні және адамдардың тасқын арасында қалып қоюына байланысты 47 оқиға тіркелген.

Нөсер салдарынан үйлер мен сауда орындарын су басып, жерасты өткелдері мен метро станцияларында қозғалыс қиындаған. Кейбір көшелерде су ағыны көліктерді ағызып әкеткен.

Табиғат апатына байланысты 15 қазанда Стамбұлдағы мектептерде сабақ тоқтатылды. Төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға 8 мың қызметкер мен 2 мың арнайы техника жұмылдырылған.

 

 

Барлық жаңалықтар