Геннадий Головкинге қатысты дау шықты

Геннадий Головкинге қатысты дау шықты

Қазақстандық әйгілі боксшы, World Boxing халықаралық федерациясының президенті әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин украиналық «Миротворец» сайтының деректер базасына енгізілді деп жазады Democrat.kz.

Бірқатар ақпарат құралдарының хабарлауынша, Головкин туралы мәлімет базаға 2026 жылғы 15 тамызда қосылған. Бұған оның басшылығындағы World Boxing ұйымының ресейлік боксшыларға қатысты шектеулерді алып тастау жөніндегі шешімі себеп болғаны көрсетілген. 

Ресейлік боксшыларға не өзгерді?

World Boxing Ресей спортшыларына қатысты ұстанымын биыл бірнеше кезеңмен өзгертті.

2026 жылдың мамырында ұйым Ресей боксшыларына қатысты бейтарап спортшы — AIN тәртібін сақтап отырған. Ол кезде ресейлік делегациялардың ұлттық туын, формасын және әнұранын пайдалануға тыйым салынған еді. 

Алайда 30 шілдеде Глазгода өткен World Boxing Атқарушы комитетінің отырысынан кейін бұл талаптар алынып тасталды. Нәтижесінде ресейлік боксшыларға World Boxing жарыстарына өз елінің туымен шығып, жеңіске жеткен жағдайда Ресей әнұранын орындатуға мүмкіндік берілді. Ұйым Ресей делегацияларының іс-әрекеті мен допингке қарсы талаптарды сақтауын бақылауды жалғастыратынын мәлімдеген. 

Бұл шешім Украинада сынға ұшырады. Кейін Геннадий Головкиннің есімі «Миротворец» базасынан көрінді.

«Миротворец» деген қандай база?

Бұл жерде бір жайтты ажыратып айтқан жөн: «Миротворец» — Украина билігінің ресми мемлекеттік санкциялық тізімі емес.

Сайт өзін Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне, бейбітшілік пен халықаралық құқық тәртібіне қарсы әрекеттердің белгілерін зерттейтін орталық ретінде таныстырады. Онда сайт авторлары Украина мүддесіне қайшы әрекет жасады деп есептейтін адамдар туралы мәліметтер жарияланады. 

Оның қызметі бұған дейін де дау туғызған. 2016 жылы G7 елдерінің Украинадағы елшілері сайтта журналистердің жеке деректерінің жариялануына байланысты алаңдаушылық білдірген. 

Сондықтан Головкиннің бұл базаға енгізілуін Украина мемлекетінің оған ресми санкция салуы немесе қылмыстық айып тағуы деп түсіндіруге болмайды.

Головкин World Boxing-ті қашан басқарды?

Геннадий Головкин World Boxing президенті болып 2025 жылғы 23 қарашада Римде өткен конгресте сайланды. Ол ұйым президенттігіне түскен шешуші кезеңде жалғыз кандидат ретінде қалып, үш жылдық мерзімге қызметке кірісті. 

Ал Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін Головкин 2024 жылғы 26 ақпаннан бері басқарып келеді. Оны ҰОК Бас ассамблеясының мүшелері президент қызметіне сайлаған болатын. 

Осылайша, қазір Головкин бір мезгілде Қазақстанның олимпиадалық қозғалысындағы және әлемдік әуесқой бокстағы ең ықпалды қызметтердің екеуін атқарып отыр.

Әлемдік бокстың аңызы

Геннадий Головкин кәсіпқой рингте орта салмақта WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.

Оның кәсіби мансабындағы нәтижесі — 42 жеңіс, 2 жеңіліс және 1 тең кездесу.

2026 жылдың маусымында қазақстандық боксшы АҚШ-тың Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде Халықаралық бокс даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) ресми түрде енгізілді. Ол мұндай құрметке үміткер болуға құқығы туған алғашқы жылы-ақ Даңқ залына қабылданды. 

Енді кезінде рингте Қазақстан атынан әлемдік атақтарға қол жеткізген Головкиннің халықаралық спорт функционері ретіндегі шешімдері де үлкен саяси және қоғамдық резонанс тудырып отыр.

Ресейлік боксшыларға ұлттық рәміздерімен жарысқа шығуға рұқсат беру — соның алғашқы ірі мысалдарының бірі.

Барлық жаңалықтар