Үкімет 2026 жылғы астыққа арналған сатып алу бағасын белгіледі. Үшінші сұрыпты бидай сапасына қарай тоннасына 92 мыңнан 115 мың теңгеге дейін сатып алынбақ, бұл өткен жылғы деңгеймен шамалас, деп жазады Democrat.kz.
Шешім туралы вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қостанай облысының Арқалық қаласында фермерлермен кездесу кезінде хабарлады.
Үшінші сұрыпты бидайдың нақты сатып алу бағасы оның сапалық көрсеткіштеріне қарай белгіленеді.
Диапазон — тоннасына 92–115 мың теңге.
Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы астық нарығындағы негізгі бағдарлардың бірі саналады. Мемлекет фермерлерді форвардтық және тікелей сатып алу арқылы қолдайды.
Үкімет астық трейдерлеріне ҚҚС қайтару тетігін де қолданбақ. Экспорттаушының талабы салықтық тексеру кезінде тауар қозғалысының бүкіл тізбегін бақылау арқылы расталады.
Сонымен бірге астық экспорттаушылардың көлік шығындарын субсидиялау бағдарламасы 2026–2027 маркетингтік жылына ұзартылмақ.
Соңғы жылдары Қазақстан дәстүрлі нарықтардан бөлек Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Марокко, Алжир және Мысырға да астық жеткізе бастаған.