«Гүл емес, ламинатор сыйлайық»: 1 қыркүйектегі мұғалім сыйлығы қызу талқыға түсті

«Гүл емес, ламинатор сыйлайық»: 1 қыркүйектегі мұғалім сыйлығы қызу талқыға түсті

1 қыркүйек қарсаңында ата-аналардың алдында жыл сайын қайталанатын сұрақ қайта шықты: мұғалімге не сыйлау керек? Әлеуметтік желі қолданушылары гүл мен кәмпиттен гөрі ұстаздың күнделікті жұмысына қажет заттарды ұсынды. Алайда сыйлық беруге үзілді-кесілді қарсы шыққандар да бар деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде бір қолданушы:

«Сынып жетекшісіне не сыйлаған дұрыс? Тәрбиешілерге ше? 1 қыркүйек таяп қалды», – деп көпшіліктен кеңес сұраған.

Сұраққа жауап берген Қамбар Талғатұлы есімді мұғалім қызының даярлық сыныбындағы ұстазына ламинатор сыйлауды ойлап жүргенін жазды.

«Қазір кейбір ата-аналар ештеңе бермеу керек деп шығуы мүмкін. Бермесе де, мұғалім өз жұмысын істей береді. Келіп-кетер ештеңе жоқ. Алдағы жұмысына пайдалы болсын деген ой ғой біздікі», – деді ол.

Оның пікірі жүздеген адамның қолдауына ие болды. Жазба авторы да ламинаторды «пайдалы сыйлық» деп бағалаған.

Талқыға қатысушылар мұғалімге қажет болуы мүмкін заттардың тұтас тізімін ұсынды. Олардың арасында А4 қағазының бірнеше қорабы, принтер, принтер бояуы, ламинатор, крем мен дене күтіміне арналған жиынтық бар. Бір ата-ана қызының сынып жетекшісіне жыл сайын А4 қағазын беретінін айтып, оған қоса гүл апаратынын жазған.

Кейбір қолданушылар гүлдің орнына қағаз сыйлау тиімді екенін алға тартты.

«А4 қағазын берсеңіз, шексіз қуанышқа бөлейсіз. Гүл – көңіл бөлу, мерекенің белгісі», – деген пікір де айтылды.

Тағы бір ата-ана балаларының мұғалімдеріне гүлдің орнына А4 қағазын алып беретінін, ал гүлді 8 наурызда сыйлайтынын жеткізді.

Ал өзгелері қымбат сыйлыққа асықпауға шақырды. Олардың пікірінше, оқу жылы басталмай тұрып, әлі танысып үлгермеген мұғалімге сыйлық беру міндетке айналмауы керек.

«Алдын ала сыйлық беруге де, алуға да қарсымын. Еңбегі сіңген соң алғыс ретінде берсе болады», – деп жазды өзін мұғалім ретінде таныстырған желі қолданушысы.

Тағы бір пікір иесі сыйлық беру бастамасы ортақ шешімге айналса, оған қосылғысы келмейтін ата-аналарға қысым жасалуы мүмкін екенін ескертті.

Талқы арасында әзілге құрылған ұсыныстар да кездесті. Бір қолданушы мұғалімге «тоғыз ай бойы тыныштық» сыйлауға кеңес берсе, екіншісі ұстаз үшін ең қымбат сыйлық – тәрбиелі оқушы мен сабырлы ата-ана екенін жазды.

Ал кейбір ата-аналар 1 қыркүйекке сыныпты безендіруге мұғалімнің өзі қомақты қаржы жұмсайтынын айтып, сыйлық орнына ортақ фотозона ұйымдастыруды ұсынған. Осылайша, қарапайым сұрақтан басталған талқылау бір мәселені айқын көрсетті: ата-ананың ықыласы мұғалімге қажетсіз бұйым емес, жұмысына жарайтын нақты көмек түрінде көрсетілгені жөн.

Дегенмен сыйлық – міндет те, ата-ананы сынайтын өлшем де емес. Біреу гүл береді, біреу қағаз әкеледі, енді бірі тек жылы лебізін айтады. Ең бастысы, мұндай бастама ата-аналар арасындағы үнсіз жарыс пен мәжбүрлі ақша жинауға айналмауы керек.

Барлық жаңалықтар