Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік желіде мұғалімдердің оқушыға қатысты қандай әрекеттер жасауына болмайтыны туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр деп жазады Democrat.kz. тілшісі.
Тараған инфографикада педагогке оқушыны сабақтан шығарып жіберуге, айқайлап кемсітуге, телефон мен құлаққап секілді жеке заттарын тартып алуға, сондай-ақ сабаққа кешіккен немесе мектеп формасын кимеген баланы сыныпқа кіргізбеуге болмайтыны жазылған.
Тәртіп бұзылған жағдайда мұғалімге электронды күнделікке ескерту қалдыру, мектеп басшылығына баяндама жазу, ата-ананы шақыру, психолог пен әлеуметтік педагогті араластыру ұсынылады. Жағдай күрделене түссе, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция қызметкерлеріне жүгіну қарастырылған.
«Бір оқушының кесірінен бүкіл сынып зардап шегеді»
Бұл ақпарат мұғалімдер арасында үлкен пікірталас туғызды. Ұстаздардың бір бөлігі баланың құқығын қорғау қажеттігін мойындағанымен, мұндай талаптар педагогтің сыныптағы беделі мен тәртіп орнату мүмкіндігін әлсіретеді деп есептейді.
Олардың уәжінше, сабақ үстінде бір оқушы телефон қарап, шу шығарып немесе мұғалімнің талабына бағынбай отырса, қалған балалардың сапалы білім алу құқығы да бұзылады. Бірақ мұғалім тәртіп бұзған баланы сыныптан шығара алмайды, телефонын уақытша алып қоя алмайды және дауысын көтерсе, өзі жауапқа тартылуы мүмкін.
Сөйтіп, педагогке оқушының қауіпсіздігі мен білім сапасы үшін жауапкершілік жүктелгенімен, сол міндетті орындауға қажетті нақты ықпал ету тетіктері берілмеген деген пікір айтылуда.
Екінші тарап мұғалімнің баланы қорлауға, көпшіліктің алдында кемсітуге немесе күш қолдануға ешқандай құқығы болмауға тиіс екенін алға тартады. Олардың пікірінше, тәртіп орнату қорқыту мен жазалауға емес, мектеп әкімшілігі, ата-ана және психологтің бірлескен жұмысына негізделуі керек.
Бұл – жаңа заңдағы нақты тыйымдар ма?
Алайда әлеуметтік желіде тараған ақпараттағы төрт тармақтың барлығы жаңа заңда дәл осы күйінде жазылған деу дұрыс емес.
Президент 2026 жылғы 12 маусымда педагог мәртебесі, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты заңнамалық өзгерістерге қол қойды. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни 13 тамыздан бастап күшіне енеді.
Жаңа заңда оқушыны сабақтан шығаруға, кешіккен баланы кіргізбеуге немесе гаджетті тартып алуға тыйым салатын жеке баптар көрсетілмеген. Құжатта Оқу-ағарту министрлігіне мектеп оқушыларының ұялы телефон пайдалану тәртібін әзірлеп, бекіту өкілеттігі берілген. Демек телефонды сабақ кезінде пайдалану, уақытша сақтау немесе өшіру мәселесі министрлік бекітетін арнайы қағидалармен нақтылануға тиіс.
Сондықтан «мұғалім телефонды мүлде ала алмайды» деген тұжырым да әзірге тым біржақты. Педагог оқушының жеке мүлкін өз бетінше иемдене алмайды. Бірақ сабақ кезінде телефонды пайдалануды шектеу мен құрылғыны уақытша сақтау тәртібі арнайы ережеде қарастырылуы ықтимал.
Жаңа заң мұғалім құқығын да күшейтеді
Заңдағы өзгерістер тек мұғалімге қойылатын шектеулерден тұрмайды. Құжатқа сәйкес, ата-аналар мен заңды өкілдер педагогтің заңда белгіленген құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге міндетті болады.
Сонымен бірге мұғалім мен мектеп басшысы оқушының басынан өткен оқиға үшін тек өзінің кәсіби қызметін атқарып отырған кезеңде ғана жауап беретіні нақтыланған. Яғни педагог сабақтан тыс уақытта және өзінің қызметтік міндетіне қатысы жоқ жағдайда болған оқиға үшін автоматты түрде жауапты болмауға тиіс.
Мұғалімнен заңда қарастырылмаған есептерді талап етуге, бір құжатты қағаз және электронды нұсқада қатар толтыруға мәжбүрлеуге де тыйым салынады.
Осы тұрғыдан қарағанда, әлеуметтік желідегі жазба жаңа заңның мазмұнын толық ашпайды. Ол педагогтің оқушыға қатысты әрекеттеріне ғана назар аударып, мұғалімнің құқығын қорғайтын нормаларды көрсетпеген.
Тыйым салу тәртіп мәселесін шеше ме?
Мектептегі негізгі түйткіл – балаға айқайлауға бола ма, жоқ па деген мәселемен шектелмейді. Ең маңыздысы – тәртіп бұзған оқушыға қатысты нақты әрі жедел жұмыс істейтін тетіктің болуы.
Мұғалім әрбір әрекеті үшін баяндама жазып, ата-ананы іздеп, психолог пен әкімшіліктің шешімін күтіп отырса, сабақтың өзі екінші орынға ығысып кетуі мүмкін. Ал мектеп басшылығы мен ата-ана жауапкершіліктен шет қалса, бүкіл салмақ қайтадан мұғалімге түседі.
Баланы кемсіту мен қорлауға жол берілмеуі керек. Бірақ бұл қағида педагогті дәрменсіз етпеуге тиіс. Бір оқушының құқығын қорғаймыз деп, сыныптағы жиырма немесе отыз баланың тыныш жағдайда білім алу құқығын ескерусіз қалдыруға болмайды.
Сондықтан жаңа оқу жылы басталғанға дейін мемлекет мектептерге түсінікті алгоритм ұсынуы қажет: тәртіп бұзған оқушымен кім жұмыс істейді, ата-ана қандай жауапкершілік арқалайды, телефон қалай шектеледі, мұғалімнің заңды талабын орындамаған жағдайда қандай шара қолданылады?
Өйткені мұғалімге тек жауапкершілік жүктеп, ықпал ету құқығын бермеу – тәртіпті күшейтпейді. Керісінше, мектептегі мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы қайшылықты одан әрі тереңдетуі мүмкін.

