Мұқтаж отбасыға баспана сыйлау – үлкен жақсылық. Бірақ сол жақсылықтың алдында жесір ананы «балаларыңды алып кетеміз» деп қорқытып, бүлдіршіндерді жылатып қою қаншалықты дұрыс? «Харекет» қайырымдылық қорының кезекті үй табыстау тәсілі әлеуметтік желіде үлкен сынға ұшырады. Жұрт «қайырымдылық адамның жанын жараламауы керек» деп, қордан мұндай пранктардан бас тартуды талап етіп жатыр, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жесір ана үш баласымен бірге ескі үйде тұратыны көрсетіледі. Оларға өзін комиссия өкілдеріндей таныстырған адамдар келіп, тұрмыс жағдайын тексере бастайды. Кейін әйелге «мұндай үйде балаларды қалай ұстап отырсыз, балаларды алып кетуіміз мүмкін» деген мазмұнда сөздер айтылады.
Ана жылайды. Балалар да егіліп жылайды.
Содан кейін ғана мұның бәрі «пранк» екені айтылып, отбасыға жаңа баспана сыйланатыны хабарланады.
Үйлі болған отбасының қуанышы үлкен. Бірақ оған дейінгі бірнеше минут жұрттың көңіліне күдік ұялатты.
«Жақсылық жасау үшін алдымен жылату міндетті ме?»
Желі қолданушыларының ең көп қойған сұрағы осы.
Белсенді Шалқар Мыңбаев:
«Үй сыйлап қуантудың алдында оларды жылатып, балаларынан айырамыз деп қорқытудың не қажеті бар?» – деп жазды.
Бұл пікірді жүздеген адам қолдаған.
Басқа қолданушылар да мұқтаж адамның өмірінде онсыз да психологиялық салмақ жеткілікті екенін айтып, оған қосымша үрей туғызуды орынсыз деп бағалады.
«Өмірдің ащы-тұщысын көрген адамның сол сәтте қандай күйде болғанын ананың өзі ғана біледі» деген пікірлер жазылды.
Тағы бір қолданушы қордың маркетинг тәсілін қатты сынап:
«Халықтың ақшасы – аманат. Ана онсыз да қиналып отырғанда, жығылғанға жұдырық болғандай әсер қалдырды», – дейді.
Мұндағы басты мәселе – үйдің берілген-берілмегенінде емес.
Адамның ең осал жерін контент үшін пайдалануға бола ма?
«Әкесінің жоқ екенін біліп тұрып, “папаң қайда?” деп сұраудың қажеті не?»
Желі қолданушылары балаларға қойылатын сұрақтарға да назар аударған.
«Әкесі жоқ екенін біле тұрып “папаң қайда?”, анасы жоқ екенін біле тұрып “мамаң қайда?” деген сұрақтарды естігенде жүйкем жұқарады» деген пікір көп қолдау жинады.
Өйткені кішкентай бала үшін ата-анасынан айырылу, кедейлік, үйсіздік – телевизиялық сюжет емес. Бұл оның күнделікті өмірі.
Ал баланың ауыр жерін әдейі қозғап, реакциясын камераға түсіру қайырымдылықтың эмоциялық әсерін күшейткенімен, оның психологиялық салмағын бала көтереді.
Қазақстанның «Баланың құқықтары туралы» заңы әр баланың қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауына құқығы бар екенін бекітеді. Заң баланы психикалық күш көрсетуден, дөрекілік пен қорлаудан қорғауды да талап етеді.
Одан бөлек, баланы ата-анасынан оның немесе заңды өкілінің ықтиярынсыз айыру ерекше жағдайда және баланы қорғау мақсатында тек сот шешімімен жүзеге асырылады.
Сондықтан кішкентай балаға «сені анаңнан алып кетеміз» деген мазмұндағы сөздің өзі әзіл ретінде қабылдана ма, әлде шынайы қауіп сияқты сезіле ме – осыны ересектер ойлауы керек.
«Пранксыз-ақ үй беруге болмай ма?»
Пікірлердегі тағы бір ортақ ой – қайырымдылық міндетті түрде драмалық шоуға айналмауы керек.
«Пранк жасап беретіндері ұнамайды. Халықтың ақшасына алынған баспананы дұрыстап бере салмай ма?» деген пікір де көп қолдау тапқан.
Тағы бір қолданушы:
«Жеңіл, көңіл көтеретін пранк болса бір жөн. Неге адамның ең ауыр мәселесін қозғау керек?» деген мазмұнда жазған.
Камера үшін жасалған эмоция ма?
Әрине, мұндай видеолардың қалай дайындалатынын сырттан толық білу мүмкін емес. Отбасымен алдын ала қандай келісім жасалғаны, түсірілімге рұқсат берілген-берілмегені, «пранктың» қандай бөлігі алдын ала келісілгені жөнінде ашық ақпарат жоқ.
Сондықтан «балаларға әдейі психологиялық зиян келтірілді» деп кесіп айтуға негіз жеткіліксіз.
Бірақ видеодағы эмоция көрерменге шынайы болып көрінгендіктен, қоғам дәл осы мәселені көтеріп отыр.
Егер адам бәрін алдын ала білсе – пранктың мәні жоғалады.
Ал егер білмесе – оның үрейі шынайы болғаны.
Сонда ең қиын сұрақ шығады: шынайы қорқынышты қайырымдылық контентінің драматургиясына айналдыру дұрыс па?
