Әлеуметтік желіде кішкентай қызының көзінше ересектерге арналған әңгіме айтып, ер адамдармен бірге тікелей эфир өткізді деп сыналған әйелдің видеосы қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының бір бөлігі баланың психологиялық жағдайына алаңдап, қорғаншылық органдары мен полиция назар аударуы керек десе, енді бірі әйелді жаппай қорлап, таптауға қарсы шықты, деп жазады Democrat.kz.
Тараған кадрлар мен олардың астындағы пікірлерге қарағанда, қолданушыларды ең қатты алаңдатқан мәселе – эфир кезінде әйелдің жанында кішкентай қызының болуы.
Пікір қалдырғандардың айтуынша, тікелей эфирде ішімдік, ер адамдармен қарым-қатынас және ересектерге арналған тақырыптар ашық талқыланған. Кейбір қолданушылар мұндай әңгімені баланың естіп, көріп отыруын мүлде қабылдауға болмайтынын жазған.
«Ең қорқыныштысы – мұның бәрін кішкентай қыз көріп, естіп отыр», – деген мазмұндағы пікірлер көп кездеседі.
Бірқатар желі қолданушысы жағдайға құқық қорғау және балалардың құқығын қорғау органдары араласуы тиіс деп есептейді. Пікірлерде Ақтөбе полициясының парақшасы белгіленіп, қорғаншылық органдарына жүгіну керек деген талаптар да айтылған.
«Қорғаншылық органы қайда қарап отыр?», «Баланың психикасына зиян тимей ме?», «Аналық құқық мәселесін қарау керек» деген пікірлер жүздеген қолдау белгісін жинаған.
«Әйелді емес, баланы ойлаңдар»
Талқылаудың ең өткір тұсы – қоғамның назарын әйелдің жеке өмірінен баланың жағдайына бұруға тырысқан пікірлер болды.
Көпшілік «ересек адам өз өміріне өзі жауап береді, бірақ бала мұндай ортаны таңдаған жоқ» деген ой айтты.
Желі қолданушыларының бірі кішкентай қыздың осындай әңгіменің арасында отыруы оның болашақтағы мінез-құлқына, ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты қабылдауына әсер етуі мүмкін екенін жазған.
Тағы бір пікір иесі әйелдің қасында отырған ер адамдардың да жауапкершілігін сұрайды:
«Баланың отырғанын көріп тұрып, әңгімені тоқтатуға неге ешкім әрекет етпеген?» деген сауал қойылған.
Бұл пікірлер мәселенің тек ананың әрекетімен шектелмейтінін көрсетеді. Егер кадрларда айтылған жағдай рас болса, сол ортада отырған өзге ересектердің де баланың алдында қандай сөз айтылып, қандай әрекет жасалып жатқанын ескеруі тиіс еді.
Әйелді қорлауға қарсылар да бар
Дегенмен желідегі пікірлердің бәрі бір бағытта емес. Кейбір қолданушылар жұрттың әйелді ауыр сөздермен жаппай қорлауына қарсы шыққан.
Бір пікір иесі оны жеке танитынын айтып: «Өте жақсы қыз. Балаларын өзі бағып отыр. Бәрі қателеседі. Жаман сөз жазбаңыздар», – деген.
Тағы бір топ қолданушы мәселені сынға алуға болғанымен, адамның ар-намысына тиіп, балағат сөздер жазуды дұрыс көрмейді.
Бұл тұрғыдан алғанда әлеуметтік желідегі талқылау екі бөлек мәселеге айналып кеткен. Біріншісі – баланың қауіпсіздігі мен психологиялық ортасы.
Екіншісі – ересек әйелдің жеке өмірін қоғам болып талқылап, оны қорлауға қаншалықты құқымыз бар?
«Неге блогерге айыппұл бар да, мұндай жағдайға үнсізбіз?»
Пікірлер арасында мемлекеттік органдардың әлеуметтік желідегі басқа құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ететінін алға тартқандар да бар.
Кей қолданушылар: «Көшеде сауда жасағандарға, велосипедпен жүргендерге, блогерлерге айыппұл салынады. Ал баланың көзінше осындай жағдай болса, оған кім жауап береді?» деген мазмұнда сұрақ қойған.
Бұл пікірлердің эмоциялық сипаты басым болғанымен, қоғамның балаларға қатысты контентке талапты күшейтіп келе жатқанын байқатады.
Әсіресе TikTok пен Instagram тікелей эфирлері жеке кеңістік пен қоғамдық кеңістіктің арасындағы шекараны жойып барады. Адам өз үйінде отырғанымен, жүздеген, кейде мыңдаған көрерменнің алдында сөйлейді.
Ал кадрға бала кірсе, мәселе енді тек ересектердің жеке өмірі болып қалмайды.
«TikTok-ты жабу керек» дегендер де шықты
Оқиғадан кейін кейбір қолданушылар мәселені бір адамның әрекетінен бүкіл әлеуметтік желіге дейін жеткізген.
«TikTok азғындықты насихаттап барады», «Мұндай эфирлерді шектеу керек» деген пікірлер де бар.
Алайда мәселені тек платформаны жабумен шешу оңай емес.
Кез келген әлеуметтік желіде контентті жасаушы – адамның өзі. Сондықтан басты сұрақ платформаның бар-жоғында емес, ересектердің баланың көзінше қандай әрекет жасап, қандай контент жариялап отырғанында болуы мүмкін.
