Қазақстанда ақшаны жуу, терроризмді қаржыландыру және басқа қылмыстық мақсаттарға пайдаланылған цифрлық әмияндардың бірыңғай реестрі енгізілді. Жүйеге күмәнді криптоәмияндар туралы ақпарат құқық қорғау органдарының шешімдері негізінде енгізіледі, деп жазады Democrat.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы жаңа тізілімді жүргізу тәртібін бекітті.
Реестрге қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, терроризмді қаржыландыру, жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыру немесе басқа қылмыстық мақсаттарда қолданылған цифрлық актив әмияндары енгізіледі.
Әмиянды тізімге енгізуге, мысалы, қылмыстық іс аясында цифрлық активті заттай дәлел деп тану немесе оған тыйым салу туралы қаулы негіз бола алады.
Жүйеге Қаржылық мониторинг агенттігімен қатар қылмыстық қудалау органдары қатысады.
Мұндай орталықтандырылған база тергеушілерге бір криптоәмиянның бірнеше қылмыстық істе пайдаланылғанын анықтауға және цифрлық активтердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беруі мүмкін.