Қазақстанда мұғалімдерді кешкі сағат 18:00-ден кейін ата-аналардың хабарламалары мен қоңырауларынан қорғау мәселесі көтерілді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтің жұмыстан кейін жеке өмірі болуы керектігін айтты. Ұсынысты қолдағандар мұғалімді тәулік бойы жұмыс істейтін «анықтама қызметіне» айналдыруға болмайтынын айтса, ата-аналардың бір бөлігі: «Онда екінші ауысымды да 18:00-ге дейін аяқтаңдар» деп қарсы уәж келтірді, деп жазады Democrat.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар чаттарындағы сұрақтар сағат 18:00-ге дейін қойылғаны дұрыс деп мәлімдеді.
«18:00-ден кейін әр мұғалімнің жеке өмірі бар және оны құрметтеу қажет», – деді министр.
Оның айтуынша, бұл мәселе әлі түпкілікті бекітілген ереже емес. 18:00-ден кейін ата-анамен байланысты шектеу тәртібі ата-аналар қауымдастығымен бірге пысықталмақ.
Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде үлкен пікірталас басталды.
«Мұғалім тәулік бойы кезекші емес»
Министрдің ұсынысын қолдайтындардың уәжі қарапайым: мектеп мұғалімі де басқа қызметкерлер сияқты жұмыстан кейін демалуға, отбасымен уақыт өткізуге құқылы.
Қазір сынып жетекшісінің телефоны ата-аналардың ондаған, кейде жүздеген сұрағы келетін тұрақты байланыс орталығына айналған.
Бір ата-ана баласының бағасын сұрайды. Екіншісі үй тапсырмасын нақтылайды. Үшіншісі баласының басқа оқушымен неге ренжіскенін анықтағысы келеді. Біреу түнде жазады, енді бірі демалыс күні қоңырау шалады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов та дәл осы мәселені көтерген.
Оның айтуынша, кейбір педагог тәулігіне бірнеше чатта отыруға мәжбүр. Ата-аналар түнде және демалыс күндері хабарласады. Аймағамбетов мұғалім сабақ аяқталғаннан кейін WhatsApp-та міндетті түрде жауап беруге тиіс емес деп есептейді.
Ол тіпті мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты арнайы ресми цифрлық платформаларға көшіріп, педагогтердің жеке телефон нөмірін баршаға таратпау керек деген ұсыныс айтқан.
Бұл тұрғыдан қарағанда министрдің қазіргі ұсынысы аяқ астынан пайда болған мәселе емес. Мұғалімнің жұмыс уақыты мен жеке уақытын ажырату туралы әңгіме бұған дейін де көтерілген.
Бірақ ата-аналар: «Екінші ауысым ше?» дейді
Министр мәлімдемесінен кейінгі пікірталаста ең көп көтерілген мәселенің бірі — екінші ауысым.
Қазақстанның көптеген мектебінде екінші ауысымдағы сабақ 18:00-де әлі аяқталмайды.
Бұған дейін ресми тұлғалардың өзі екінші ауысым кей мектептерде шамамен 19:05-те аяқталатынын айтқан.
Сондықтан желі қолданушыларының бірі:
«Онда соңғы сабақ та 18:00-де аяқталуы керек», – деген пікір қалдырған.
Тағы бір ата-ана екінші ауысымда баласының алтыншы сабағы 19:45-те аяқталатынын айтып, мұндай жағдайда 18:00-ден кейін мұғаліммен байланысқа тыйым салудың қисынсыз екенін жазған.
Басқа пікірлерде де осы мәселе қайталанады: бала мектептен 19:00 шамасында шықса, мұғалімнің жұмыс күні қалайша 18:00-де аяқталады?
Бұл — ұсыныстың ең осал тұсы.
Егер шектеу енгізілетін болса, оны бүкіл елге ортақ бір ғана «18:00» уақытына байлап қою екінші ауысымда сабақ беретін педагогтер мен оқушылардың нақты жағдайын ескермеуі мүмкін.
«Үй тапсырмасын кешке жіберсе, кімнен сұраймыз?»
Ата-аналардың тағы бір уәжі — үй тапсырмасы мен сабақ кестесінің уақытында жарияланбауы.
Әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде ата-ана баласының сабақтан келгеннен кейін тапсырманы орындауға кірісе алмайтынын, себебі кей пәндердің үй тапсырмасы жүйеге кеш енгізілетінін жазған.
Кейде сабақ кестесі де кешке жіберіледі деген шағым бар.
Сонда қарапайым сұрақ туындайды: мектеп ақпаратты сағат 18:00-ге дейін бермесе, ата-ана 18:00-ден кейін оны кімнен сұрайды?
Демек мұғалімді кешкі хабарламадан қорғау үшін алдымен мектептің ақпарат беру жүйесі мінсіз жұмыс істеуі қажет.
Үй тапсырмасы сабақ аяқталған сәтте электронды күнделікке енгізілуі керек. Ертеңгі сабақ кестесі алдын ала белгілі болуы тиіс. Баға, үй жұмысы, хабарландыру секілді ақпараттың бәрі бір жүйеде тұруы қажет.
Сонда ата-ананың мұғалімге жеке WhatsApp арқылы қайта-қайта жазуына қажеттілік те азаяды.
«Бұрын чатсыз-ақ оқыдық»
Пікірталаста тағы бір топ мүлде басқа ұсыныс айтты: ата-аналар чаттарын азайту немесе бұрынғы күнделік жүйесіне қайта оралу.
Желі қолданушыларының бірі «күнделікті қайтару керек, ешқандай чат қажет емес» деген пікір білдірсе, енді бірі қазіргі балаларды ата-анасына немесе мұғалімге тым тәуелді етпей, тапсырмасын өзі қадағалауға үйрету керек деп есептейді.
Бұл пікірдің де жаны бар.
Өйткені ата-ана чаты бастапқыда ақпарат алмасудың ыңғайлы құралы ретінде пайда болғанымен, біртіндеп мұғалімге тәулік бойы қолжетімді болуды міндеттейтін құралға айналып барады.
Бала үй тапсырмасын ұмытып қалса — мұғалімге жазылады.
Кітапты қай беттен оқу керегі белгісіз болса — мұғалімге жазылады.
Бала сыныптасының қаламын алып қойса да, мәселе кейде ата-аналар чатына жетеді.
Нәтижесінде баланың өз жауапкершілігінің бір бөлігі байқамай мұғалімнің мойнына ауысады.
Мұғалім баланың тәулік бойғы жауапты адамы емес
Бұл мәселеде тағы бір маңызды өзгеріс бар.
2026 жылы педагогтердің сабақтан тыс уақытта болған оқиғалар үшін жауапкершілігін шектеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қаралды.
Асхат Аймағамбетов бұған дейін оқушы жазғы демалыста, түнде немесе демалыс күні қандай да бір жағдайға тап болса, мектеп пен сынып жетекшісін кінәлаудың дұрыс еместігін айтқан.
Оның ұстанымы бойынша, кешкі уақыттағы, демалыс пен каникул кезіндегі баланың өмірі мен қауіпсіздығына бірінші кезекте ата-ана жауап береді.
Бұл қағида мұғалімге телефонмен хабарласу мәселесіне де тікелей қатысты.
Педагог — баланың мұғалімі.
Бірақ ол баланың тәулік бойғы диспетчері, күзетшісі немесе отбасының жеке кеңесшісі емес.
Дегенмен «18:00» мәселені толық шешпейді
Мұғалімнің жеке өмірін қорғау — орынды талап.
Бірақ мәселені тек «сағат алтыдан кейін жазуға болмайды» деген бір нормамен шешу жеткіліксіз.
Өйткені мектептердің жұмыс тәртібі әртүрлі.
Бір мұғалім сабағын түскі уақытта аяқтайды. Екіншісі екінші ауысымда 19:00-ге дейін сабақ береді. Сынып жетекшісінің ата-анамен сөйлесетін арнайы уақыты болуы мүмкін. Төтенше жағдай мен баланың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де кездеседі.
Оның үстіне педагогтің жұмыс режимі тек сағат тілімен емес, оқу жүктемесі, мектептің ішкі тәртібі және атқаратын міндеттері арқылы белгіленеді. Қолданыстағы ережелер педагогтің жұмыс және демалыс уақытын білім беру ұйымының ерекшелігіне қарай реттеуді көздейді.
Сондықтан әлдеқайда қисынды жол — «18:00-ден кейін мүлде байланысуға болмайды» деген тыйым емес, педагогтің нақты жұмыс кестесінен тыс уақытта жауап беруге міндетті еместігін заңмен бекіту болуы мүмкін.
Ал мектеп өз тарапынан ата-аналарға қажетті барлық ақпаратты уақытында беруге міндетті болуы керек.
Сонда екі жақтың да құқығы сақталады.
Мұғалім үйіне барғаннан кейін телефонын құшақтап отырмайды.
Ата-ана да баласының ертең қандай сабағы барын немесе қандай үй тапсырмасы берілгенін білу үшін кешкі тоғызда сынып жетекшісін іздемейді.
Түптеп келгенде, мәселе 18:00-де емес. Мәселе — Қазақстан мектебінде мұғалімнің жұмыс уақыты мен жеке өмірінің арасындағы шекараның осы уақытқа дейін дұрыс белгіленбеуінде.
Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.