Баян Алагөзованың дін, жұмақ, тозақ және «72 пәк қыз» туралы Threads-тегі жазбасының дауы басылар емес. Бұл жолғы дау мемлекеттік органның алдына жетіп отыр, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған скриншотта электронды өтініштің тіркеуге жіберілгені көрінеді. Өтініште Баян Алагөзованың Threads желісіндегі @bayanmaxatkyzy аккаунтында жарияланған дінге қатысты жазбаларын тексеріп, оларға құқықтық баға беру сұралған.
Шағым мәтінінде автор продюсердің дін мен діндарлар туралы сөздерінде, өзінің пайымдауынша, «кемсітетін және қорлайтын тұжырымдар» барын алға тартады. Сондай-ақ мұндай пікірлер адамдардың дінге көзқарасына байланысты қабылдануы мүмкін деген уәж келтірілген.
Алайда маңызды бір жайт бар: өтініштің берілуі Баян Алагөзованың заң бұзғанын білдірмейді. Оның сөзінде құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тек тиісті орган тексеріп, құқықтық сараптама нәтижесінде анықтай алады.
Баян не деп еді?
Даудың басталуына продюсердің бірнеше күн бұрын Threads желісінде жариялаған жазбасы себеп болды.
Баян Алагөзова дін мен оның насихатынан шаршағанын ашық айтып, өзін тозақпен қорқытудың қажеті жоқ екенін жазды.
Ол жұмақ пен тозақтың бар екеніне сенбейтінін айтып, жұмақта ер адамдарға «72 пәк қыз беріледі» деген түсінікке де мысқыл аралас сауал қойған. Жазба бірден әлеуметтік желідегі үлкен пікірталасқа айналды. Бір тарап оны діни сенімді келемеждеу деп қабылдаса, екінші тарап адамның кез келген дінге сенуге де, сенбеуге де құқығы барын айтып қорғады.
Продюсер кейін пікірталастан қажығанын айтып, Threads-тен кететінін де мәлімдеген.
Бұдан бөлек, 7 қыркүйекте жарияланған Аман Тасығанға берген сұхбатында Алагөзова өзін діни адам ретінде қабылдамайтынын, Тәңір ұғымын дін емес, табиғатпен және ғаламмен үйлесімді өмір сүру философиясы деп түсінетінін айтты.
