Қазақстандықтардың басым бөлігі қазіргі өмір сүру жағдайын оң бағалайды. Жаңа зерттеуге сәйкес, тұрғындардың 82%-ы өз тұрмыс жағдайына толықтай қанағаттанатынын айтқан, ал 68%-ы соңғы үш жыл ішінде елдегі инфрақұрылымның жақсарғанын байқаған, деп жазады Democrat.kz.
Бұл мәлімет Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы жариялаған зерттеу нәтижесінде келтірілген.
Сауалнама 2026 жылдың шілде-тамыз айларында телефон арқылы жүргізілген. Оған Қазақстанның барлық өңірінен 18 жастан асқан 1 000 адам қатысқан.
Зерттеу нәтижесінде респонденттердің 68%-ы алдағы үш жылда елдегі жағдай бұдан әрі де жақсаратынына сенетінін білдірген.
Тұрғындардың көпшілігі соңғы жылдардағы оң өзгерістерді ең алдымен жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарынан байқаған. Одан кейін аулаларды абаттандыру, саябақтар салу және елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жиі аталған.
Сонымен бірге сауалнама халықтың инфрақұрылымға қатысты талаптары өзгеріп келе жатқанын да көрсеткен.
Азаматтар енді медициналық инфрақұрылымды дамытуға көбірек көңіл бөлуді сұрайды. Сондай-ақ сапалы интернет, тұрақты мобильді байланыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жақсартуға сұраныс жоғары.
Зерттеу авторларының пікірінше, халық іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың күнделікті өмірге әсерін байқап отыр. Алайда тұрғындар қол жеткізілген нәтижемен ғана шектелмей, өзгерістердің жалғасқанын қалайды.
«Сауалнама халықтың одан әрі дамуға деген тұрақты сұранысы бар екенін анық көрсетті. Адамдар өзгерістерді байқап, олардың оң нәтижесін бағалайды және бұл бағыттың алдағы уақытта да жалғасатынын күтеді», – деді ҰТО мемлекеттік саясат орталығының бас зерттеушісі Роза Тілеухан.