Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуінде ядролық державаларды текетірестен бас тартып, келіссөзге келуге шақырды. Мемлекет басшысының ядролық сынақтарды толық тоқтату, қарусыздану және атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ұстанымдары халықаралық сарапшылар мен ұйым өкілдерінің пікірлерімен үндесіп отыр, деп жазады Democrat.kz.
29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы үндеу жасады.
Президент Қазақстанның кезінде әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанын еске салып, бұл шешімді бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы тарихи таңдау деп бағалады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық ахуал жағдайында ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөз болуы керектігін айтты. Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуін және ядролық қаруды қолдану қаупін жою үшін мемлекеттердің бірлесіп әрекет етуін қолдайтынын жеткізді.
«Қазақстан ядролық қаруды жою бастамаларында көш бастап келеді»
Тоқаев үндеу жасаған күні Женевада өткен Бейбітшілік маршына қатысқан халықаралық сарапшы, «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жолында» ұйымының өкілі Алин Уэр Қазақстанның антиядролық саясаттағы рөліне жоғары баға берді.
Оның пікірінше, ядролық сынақтардың ауыр салдарын өз басынан өткерген Қазақстан бүгінде ядролық қаруды жоюға бағытталған халықаралық бастамалардың көшбасшыларының біріне айналды.
Алин Уэр Қазақстанның Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құрудағы және БҰҰ аясындағы ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөздердегі белсенділігін ерекше атады.
Бұл пікір Тоқаевтың «Қазақстан халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде өз ұстанымын өзгертпейді» деген мәлімдемесімен тікелей үндеседі.
Семей полигонын жабу әлемдік үдеріске ықпал етті
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Роберт Флойд та Қазақстанның бұл саладағы үлесін жоғары бағалады.
29 тамызда Қазақстанның Сыртқы істер министрімен бірге жариялаған мәлімдемеде Семей полигонының жабылуы халықаралық деңгейдегі ядролық сынақтарға тыйым салу қозғалысына «қуатты саяси серпін» бергені атап көрсетілді.
Құжатта полигонның жабылуы 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қабылдануына алып келген жаһандық күш-жігерде маңызды рөл атқарғаны айтылған.
Сондай-ақ Қазақстанның осы шарттың халықаралық бақылау және тексеру жүйесін дамытуға қосқан практикалық үлесіне оң баға берілді.
Демек, Қазақстанның антиядролық саясаты халықаралық алаңда тек саяси мәлімдеме түрінде ғана емес, нақты инфрақұрылымдық және ғылыми жұмыстар арқылы да мойындалып отыр.
БҰҰ басшысының үндеуі де Тоқаев айтқан ұсыныстармен үндесті
Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе — Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты толық күшіне енгізу.
Осы күндері БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те ядролық қаруға ие мемлекеттерді сынақтарға қатысты қолданыстағы мораторийді сақтауға және аталған шарттың тезірек күшіне енуіне жағдай жасауға шақырды.
БҰҰ аясындағы жиындарға қатысушылар да Семей полигонының жабылуын ядролық сынақтарды тоқтатуға бағытталған әлемдік қозғалыстың маңызды кезеңдерінің бірі ретінде бағалады.
Яғни Тоқаев үндеуіндегі «ядролық державалар келіссөзге келуі керек» және «сынақтарға жаппай тыйым салатын шарт күшіне енуі тиіс» деген екі негізгі тезис халықаралық ұйымдардың қазіргі ұстанымымен сәйкес келеді.
Қазақстанның бастамасы әлемдік деңгейге шықты
Қазақстанның антиядролық саясатының тағы бір маңызды нәтижесі — 29 тамыздың халықаралық күнге айналуы.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде бекіткен.
2026 жылы осы датаға орай Нью-Йорк, Женева және Венада халықаралық шаралар өтті. Оларға БҰҰ, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы, дипломаттар, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
БҰҰ-дағы жиындарда Қазақстанның ядролық арсеналдан бас тартуы сенімге, диалог пен халықаралық ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздік моделінің мысалы ретінде көрсетілді.
Үндеудің басты мәні неде?
Тоқаевтың биылғы үндеуінің ерекшелігі — өткенді еске алумен шектелмей, қазіргі геосаяси жағдайға нақты ұсыныс айтуында.
Бір жағынан, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан тарихи тәжірибесін ұсынады. Екінші жағынан, ядролық державаларды текетірестен келіссөзге көшуге шақырады.
Халықаралық сарапшылардың пікірлеріне қарағанда, Қазақстанның бұл мәселеде моральдық қана емес, саяси салмағы да бар. Өйткені ел ядролық сынақтың зардабын бастан өткеріп қана қоймай, арсеналынан бас тартып, кейін халықаралық қарусыздану институттарын қалыптастыруға белсенді араласты.
Алин Уэрдің Қазақстанды ядролық қаруды жою бастамаларының көшбасшысы деп атауы, Роберт Флойд бастаған халықаралық ұйым өкілдерінің Семей полигонын жабудың әлемдік маңызын жоғары бағалауы да осыны көрсетеді.
Сондықтан Президент үндеуіндегі «кикілжің емес – келіссөз» қағидатын Қазақстанның дәстүрлі антиядролық саясатының қазіргі күрделі кезеңдегі жалғасы деуге болады.