Алматыда екі ер адам жедел жәрдемді өздері шақырып, келген медицина қызметкерлеріне пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен. Дәрігерлер полиция шақыруға мәжбүр болды, күдіктілер ұсталды, деп жазады Democrat.kz.
Оқиға Қазыбек би мен Бәрібаев көшелерінің қиылысына жақын жерде болған.
Полиция мәліметінше, екі ер адам жедел жәрдем шақырған.
Медициналық бригада мекенжайға келгеннен кейін ер адамдардың бірі немесе екеуі дәрігерлерге пышақпен қорқыта бастаған.
Медиктер полицияға хабар берген.
Оқиға орнына Медеу аудандық полициясының патрульдік қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар жеткен.
Екі ер адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Құқық қорғау органдары олардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.