"Каспи қасіреті": Сүйіктісін жоқтап, теңізде отырған қыздың видеосы жұртты шошытты

"Каспи қасіреті": Сүйіктісін жоқтап, теңізде отырған қыздың видеосы жұртты шошытты

Әлеуметтік желіде Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін «суға кеткен сарбаздың қызы» деген жазумен тараған видео көпшілікті толқытты. Теңіз жағасында жалғыз тұрған қыздың бейнесіне қараған жұрт марқұм сарбаздардың балалары мен отбасыларына көңіл айтып, қайғыға ортақтасып жатыр деп жазады Democrat.kz.

TikTok желісінде жарияланған видеода теңіз жағасында тұрған кішкентай қыз бейнеленген. Видеоға «Суға кеткен солдаттың қызы екен» деген жазу қойылған.

Кадрлардың өзі-ақ көпшіліктің көңілін босатқан. Видео ондаған мың реакция жинап, жүздеген пікір жазылған.

Пікір қалдырғандардың бірі:

«Қиналып отыр ғой, жаным-ай», – деп жазған.

Тағы бір қолданушы:

«Танымайтын балалар еді, бірақ жүрегім ауырды. Ата-анасына қатты қиын болды. Алла сабыр берсін, жатқан жері жайлы болсын», – деп көңіл айтқан.

Тағы бір пікірде:

«Өзегі өртеніп отыр-ау. Уақыт емдейді дейді ғой, бірақ жүректің түкпірінде сол кеткен адамға деген сағыныш өрт болып тұрады», – делінген.

Желі қолданушыларының тағы бірі:

«Жұбатуға сөз жоқ, қыршын кеткен жастың өмірі-ай», – деп жазған.

Пікірлерден байқалғаны – көпшілік бұл қайғыны тек сарбаздардың қазасы ретінде емес, артында қалған ата-ана, жар, бала үшін орны толмас қасірет ретінде қабылдап отыр.

Алайда бір нәрсені нақты ажырату керек: видеодағы қыздың шынында Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілердің бірінің қызы екені туралы ресми расталған ақпарат әзірге жоқ. Сондықтан әлеуметтік желідегі жазбаны факт ретінде емес, желіде тараған мәлімет ретінде ғана қабылдаған дұрыс.

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқан сарбаздардың отбасы мен жақындарына көңіл айту жалғасып жатыр. Әсіресе балалардың тағдыры туралы жазбалар жұрттың жүрегіне қатты тиіп отыр.

 

Барлық жаңалықтар