27 қыркүйекте өткен 15-ші Almaty Marathon-ға 66 елден 16 мың адам қатысты. Оның ішінде 1534 шетелдік жүгіруші бар — ұйымдастырушылар марафонның қонақүй, қоғамдық тамақтану, такси және сауда салаларына да экономикалық әсер ететінін атап өтті, деп жазады Democrat.kz.
Биыл Алматы марафоны 15-рет ұйымдастырылды.
Жарысқа тіркелген 16 мың адамның 1534-і шетелден келген. Бұл марафон тарихындағы шетелдік қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш.
Қатысушылардың тағы шамамен 14 пайызы Қазақстанның басқа өңірлерінен Алматыға арнайы келген.
Олармен бірге отбасы мүшелері мен достарының да келуі қонақүй, кафе-ресторан, такси, дүкен және ойын-сауық қызметтеріне қосымша сұраныс қалыптастырады.
Марафонға байланысты қала орталығындағы бірқатар негізгі көшелер уақытша жабылып, ондаған автобус маршруты айналма бағытпен жүрді.
Ұйымдастырушылар жолдарды спортшылар өткеннен кейін кезең-кезеңімен қайта ашты.