Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Істер арасында ірі кәсіпорындардан ұрлық жасау, кәсіпкерлерден ақша бопсалау, көлік алаяқтығы және есірткі саудасы бар, деп жазады Democrat.kz.
ІІМ мәліметінше, биыл ұйымдасқан қылмысқа қарсы бірнеше ірі тергеу аяқталған.
Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан материалдық құндылықтарды ұрлаған ұйымдастырушы мен 10 адамға 13 жылға дейін жаза берілді.
Өңірдегі басқа бір қылмыстық топ ірі қала құраушы кәсіпорыннан мүлікті жасырын алаяқтық схемалар арқылы шығарып отырған. Топ басшысы мен төрт мүшесі 10 жылға дейін сотталған.
Қызылордада кәсіпкерлерден тұрақты түрде ақша бопсалады деп танылған сегіз адамға 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Астанада есірткі таратқан қылмыстық топ ұйымдастырушысы 17 жылға, оның бес сыбайласы 16 жылға дейін сотталды.
ІІМ бұл істерді ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардың экономикалық және криминалдық ықпалын әлсірету жұмысының нәтижесі деп сипаттайды.