Бірнеше күн бұрын ғана Democrat.kz. ақпараттық порталы әскерде көрген қорлығын айтқан жігіттің анонимді жазбасын жариялаған еді. Сол жігіт бас қауіпсіздігі үшін елден жыраққа кеткелі жатыр деп хабарлайды Democrat.kz.
Еске салып өтейік, қазақстандық жігіт әскерде өзін командирі қорлап, анайы тірлік жасатқанын айтып, әскердегі жігіттердің өлімінің көбі осындай тірліктерден болатынын айтып, дабыл қаққан еді.
Анонимді жазба иесі өзінің осы жазбасынан кейін телефонына әлдекімдер хабарласып, адресін тауып алғанын айтады.
Өміріне қауіп төнгенін түсінген жігіт "қазіргі кезде өміріме қауіп төніп тұр. Ол командирдің таныстары мықты. Өз атының жарыққа шықпауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Сол себепті елден кетуге бел байладым. Адвокатым да біраз уақытқа шетелде бола тұрғанымды жөн көріп отыр.
Командирдің әскерде маған жасаған сорақы әрекетін әшкерелеймін. Оның кім екенін бүкіл ел білетін болады. Қазір заңгер қажетті дәлелдерді жинақтап жатыр" деген жігіт өзіне қаржылай көмек көрсетіп жатқандарға алғысын білдірді.