"Күйзеліске түсіріп, бағалау": Министр Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеме жасады

"Күйзеліске түсіріп, бағалау": Министр Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеме жасады

Қазақстанда бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Tizgin.kz.-ке сілтеме жасап. 

Министрдің айтуынша, бастауыш мектепте басты мақсат – баланы баланы күйзеліске түсіріп бағалау емес, оның оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру.

«Қазіргі таңда әлемде бастауыш білім беру жүйесі дәл біздегідей кеңінен қолданылмайды. Бізде 2-сыныптан бастап СОР, СОЧ арқылы балалар бағаланады. Ал бастауыш кезең – баланың мектепке, оқуға және қарым-қатынасқа бейімделетін ең маңызды уақыт. Сондықтан бүгінгі таңда біз бастауыштағы барлық пәндердегі БЖБ немесе ТЖБ-ны алып тастау мәселесін кеңінен талқылаудамыз», – деді министр.

Сүлейменованың сөзінше, министрлік формативті бағалауды сақтап қалуды жоспарлап отыр. Яғни мұғалім оқушының оқу қарқынын, мәтінді түсіну деңгейін және оқу материалын меңгеруін бақылауды жалғастырады. Алайда әр бөлімнің соңында және тоқсан сайын өткізілетін жиынтық бағалаулардың бастауыш сынып оқушылары үшін орындылығы қайта қаралып жатыр.

Министр бұл өзгерістің тағы бір себебі – бастауыш сынып мұғалімдерінің шамадан тыс жүктемесі екенін айтты.

«Бұған себеп болып тұрған тағы бір дүние бар. Бастауыштағы сабақ беретін мұғалімдеріміз осы барлық пәндерде БЖБ, ТЖБ жазып, солардың бәрін тексерген кезде мыңдаған парақтарды отырып тексереді. Яғни, бұл мұғалімдеріміздің шамадан тыс жүктемесіне алып келеді. Бұл уақытта мұғалімдер балдармен академиялық жұмыс істейтін еді. Сондықтан бұл дүниені тереңірек зерделеудеміз», – деді ол.

Министр бұл бастаманы тамыз кеңесінде кеңінен талқылау жоспарланып отырғанын айтып, педагогтер мен ата-аналарды өз пікірлерін білдіруге шақырды.

Барлық жаңалықтар