Әлеуметтік желіде Magnum E-commerce Kazakhstan компаниясының қызметкері басшылыққа үндеу жасап, жұмыс орнында болған даулы жағдай туралы мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz. сайты ult.kz.-ке сілтеме жасап.
Қызметкердің айтуынша, оқиға 19 шілде күні жұмыс ауысымы кезінде болған. Ол тапсырыстарды жинап жүрген сәтте курьерлердің бірі өзін ұялы телефонға бірнеше рет түсіріп жүргенін байқаған. Оның сөзінше, түсірілім өз келісімінсіз және әдейі жасалған.
Осыдан кейін ол аға курьерге шағымданып, екеуі бірге бейнебақылау камераларының жазбасын қараған. Қызметкердің айтуынша, бейнежазба оның сөзін растаған. Аға курьер аталған қызметкердің әрекетіне қатысты шара қолданылып, жұмыстан шығарылатынын айтқан.
Алайда келесі күні жағдай күтпеген жерден өзгерген. Автордың сөзінше, басшылық курьердің әрекетін емес, өзін кінәлаған.
«Директор менің тәрбиемді, сыртқы келбетімді және киімімді талқылай бастады. Бұл мәселеге еш қатысы болмаса да, маған дөрекі сөйлеп, қысым көрсетті», – дейді ол.
Оның айтуынша, өзін рұқсатсыз видеоға түсірген курьер жұмысын жалғастырған, ал өзі ешқандай заңды түсіндірмесіз жұмысқа жіберілмеген.
Үш жылдан бері компанияда еңбек етіп келе жатқанын айтқан қызметкер бұл жағдайдан кейін әлеуметтік желі арқылы компанияның Алматыдағы басшылығына үндеу жолдаған. Ол жариялаған жазбасында ерекше жеңілдік немесе артықшылық сұрамайтынын, тек оқиғаға қатысты бейнебақылау жазбалары тексеріліп, әділ шешім қабылдануын қалайтынын жеткізді.
Әлеуметтік желіде тараған Magnum E-commerce Kazakhstan қызметкерінің шағымына компания ресми пікір білдірді.

Компанияның мәліметінше, қызметкердің өтініші келіп түскен сәттен бастап қауіпсіздік қызметінің қатысуымен қызметтік тексеру басталған.
«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты қарастыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Қазіргі таңда болған жағдайдың барлық дерегі тексеріліп жатыр», – делінген компанияның жауабында.
Сондай-ақ Magnum тексеру аяқталып, тиісті шешім қабылданғаннан кейін өтініш иесімен жеке хабарлама арқылы байланысқа шығатынын мәлімдеді.