Мұғалімді сыйламайтын пәлеқор ата-аналар айыппұл арқалайды

Мұғалімді сыйламайтын пәлеқор ата-аналар айыппұл арқалайды

«24KZ» арнасының хабарлауынша, Қазақстанда оқушының мұғалімге деген құрметсіздігі үшін ата-аналарға 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін деп жазады Democrat.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, балағат сөздер айту, әдепсіз ишаралар көрсету және ұстаздың кәсіби міндетін атқаруына кедергі келтіріп, жұмыс істеуіне қолайсыз жағдай туғызу құқық бұзушылық болып саналады.

​Егер мұндай әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 130 мың теңгеге жуықтайды.

​Набира Марбанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы:

​«Қазіргі таңда педагогтерді өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға жегуді тоқтату және олардың құқығын сенімді қорғау мақсатында заңнаманы күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімдердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ оларды қандай істерге тартуға болмайтыны нақты көрсетілген. Ал ұстаздың ар-намысына тиіп, құрметсіздік көрсеткені үшін жауапкершілік заңнаманың басқа нормаларымен реттеледі. Мұндай әрекеттер үшін айыппұл бірден қолданылады».

​Министрлік елімізде мұғалімдердің кәсіби қызметіне қажетті жағдай жасайтын ерекше мәртебесі бар екенін еске салды. Құжатта олардың құқықтары, еңбекақы төлеу, сыйақы беру және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормалар бекітілген.

Барлық жаңалықтар