Жаңа жыл мейрамының қарсаңында кей мектептердің ата -аналар чатында шу шығып, ол әлеуметтік желіге жайылып, салдарынан "ата -аналар комитетінің" аттандап шығуына себеп болды деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде мұғалімдерге жаңажылдық сыйлыққа ақша жинау туралы мәселе көтерілуде.
Қазақстандық кей мектептің ата -аналары мейрамда сынып жетекшісін қуантып, кішігірім сыйлық берейік деп бастама көтеріп, ұйымдасқан түрде ақша жинап жатса, енді бір мектептерде осы мәселе айналасында кәдімгідей дау туындапты.
Жанна Исина атты желі қолданушы: "Жаңа жылға мұғалімге подаркаға ақша жинайық деп ойталқы тастап жатқан біздің сыныптың ата-ана комитеті ғана ма әлде сіздерде де бар ма ондай комитет??
Қит етсе мұғалімге сыйлық деп шығатын жағымпаз комитет который өздеріміз сайлап алған. Жоқ десең, қосылмаймын десең сенен жаман ата -ана жоқтың қасы.
Ел жыртылды екен деп басқаны да қалтасын қағу керек емес, бос шашылу. Мұғалім сыйлық күтпейді жағымпаз комитет аналар құртатын бәрін"деп жазды.
Бұл жазбаға қатысты "мұғалімге сыйлық бергенде тұрған ештеңе жоқ. Санаулы мерекеде сыйлық жасағанда тұрған не бар?", "аса бір үлкен сома емес қой, мың теңгеден жинаса, не бопты" деген пікірмен қатар "ақша жинатпаймыз" деген "комитет" ата -аналар белсенді пікір жазуда.
Сонымен қатар кей ата- ана "ақша бермеймін" дегені үшін "комитет басшысының" дұшпанына айналғанын, тіпті кей "комитет басшылары" сыйлыққа ақша бермеген ата -анаға айғайлап, ашуланатынын да жасырмады.
Мұнан бөлек, дәл осы тақырыпқа қатысты қызу талқы жүріп жатқан келесі бір "бұтақта" ата-аналар комитеті болып сайланған кісілер мұғалімге берілетін сыйлықта тұрған ештеңе жоғын, "балаңыз үшін болмашы тиын- тебенді сөз етудің қажеті жоқ" дегенге саятын пікірін білдіруде.


