Ауыл мектебінде жұмыс істегенін айтқан мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасы қызу пікірталас туғызды. Автордың сөзінше, өзі сабақ берген мектепте мұғалімдердің балалары бір сыныпқа жинақталып, оларға өзгелерден ерекше қарым-қатынас жасалған, деп жазады Democrat.kz.
Педагог 8-сыныптарға сабақ бергенін айтып, бір сыныпта негізінен мұғалімдердің балалары оқығанына таңғалғанын жеткізді.
«Оларға тек жақсы бағалар қояды — 4-5. Сабаққа кірсем, жазайын десем бор жоқ, сынып іші сұмдық... Ескерту жасасаң, мұғалім баласы болғандықтан ештеңе айта алмайды екенсің», – деп жазған ол.
Автор кейін басқа мұғалімдердің де бұл оқушыларға «ерекше» қарайтынын байқағанын айтады. Оның сөзінше, оқушының тәртібіне ескерту жасасаң, әріптестері мен мектеп басшылығы тарапынан қысым болуы мүмкін.
Жазба иесі мұндай жағдайға қарсылық білдіргеннен кейін директор кабинетіне шақырылғанын да мәлімдеді. Алайда бұл сөздер әзірге тек әлеуметтік желі қолданушысының жеке мәлімдемесі екенін ескерген жөн.
Мұғалімдер не дейді?
Желіде пікір білдіргендердің бір бөлігі мұндай жағдайдың кейбір мектептерде кездесетінін жазды.
«Қазір ауылдық жерлерде сондай. Мұғалімнің балаларына ерекше қарайды», – дейді бір қолданушы.
Тағы бір мұғалім өзінің керісінше баласына өзгелерден артықшылық бермегенін айтып:
«Мұғалім болдық, баламыздан бұрын оқытқан балаларымызды бірінші кезекке қойдық. Ешқашан өтірік баға қоймайтынмын», – деп жазды.
Ал кейбір педагогтер барлық мектепті бірдей кінәлауға болмайтынын ескертті. Олар мұғалімнің баласы да басқа оқушы сияқты ортақ талаппен бағалануы тиіс екенін айтады.
Бұл пікірталас мектептегі бұрыннан айтылып жүрген маңызды мәселені қайта көтерді: мұғалімнің немесе мектеп әкімшілігі қызметкерінің баласына баға қою кезінде артықшылық беріле ме, әлде барлық балаға талап бірдей ме?
Егер әлеуметтік желідегі айтылған жағдайлар рас болса, мәселе тек бағада емес. Бұл – оқушылар арасындағы теңдікке, мұғалім беделіне және мектептегі әділдікке қатысты мәселе.
Ал жазбада нақты мектеп пен өңір көрсетілмегендіктен, автордың айыптауларын тәуелсіз түрде растау әзірге мүмкін емес.


