"Музыка - харам" деген шалдың сөзіне қатысты Мұхамеджан Тазабек пікір білдірді

"Музыка - харам" деген шалдың сөзіне қатысты Мұхамеджан Тазабек пікір білдірді
Танымал діндар Мұхамеджан Тазабек "музыка - харам" деп тойда сөз сөйлеп, қоғамды шулатқан шалға қатысты пікір білдіріп, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
"Ақорданы алаңдатқан алты ауыз сөз…
Бүгін медиа кеңістікте тойда айтылған “сөз, ұстаным, талап” кеңінен талқыға түсті. Әлеуметтік желіде сан түрлі пікір айтылды. Мемлекеттің ресми тұлғалары да үн қосты.
 
Ерлан Тынымбайұлының да шырылының себебін жаным сезіп тұр. Мемлекет әлеммен шендесуде, ал, қоғам ше, қоғам да ілесу керек қой…
 
Оқыс оқиғаны әңгіме қылу ғана жеткіліксіз, сол арқылы өз қоғамымызды саралап, алда да арандайтындар үшін ақиқатты айтып, маңайымызға дұрыс бағыт көрсетуіміз керек. Өйткені әлем өзгерді. Біз өзгердік. Он жыл бұрынғы құбылыстар бүгін басқаша таразылануда. Ақпараттың жылдамдығы өзгерді. Қоғамның сезімталдығы өзгерді. Мемлекеттің қауіпсіздігіне, қоғамдық келісімге, азаматтың жауапкершілігіне қойылатын талап та өзгерді. Бір жерде айтылған сөз санаулы минуттың ішінде миллиондаған адамның талқысына түседі. Сондықтан әр сөздің салмағы бұрынғыдан әлдеқайда ауыр. Құндылықтар сол болғанмен халыққа жеткізу форматтары өзгерді.
 
Осындай кезеңде ең үлкен даналық - өз ақиқатыңды айту ғана емес, оны қоғам көтере алатындай даналықпен жеткізе білу.
 
Қоғамда діндар да бар, дінмен өмірін байланыстырмайтындар да бар. Шекара қайда, сыйластықтың нәзік жіптері қайда, бәрін ескеру маңызды.
Діндар қауымның да ескерер дүниесі көп. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Адамдарға олардың түсіне алатын деңгейіне сай сөйлеңдер. Алла мен Оның Елшісін жалғанға шығарғанын қалайсыңдар ма?» деген мағынадағы өсиет қалдырған. Бұл - ақиқатты жасыру емес. Бұл - ақиқатты жеткізудің даналығын үйрететін ұстаным. Сол хадистің үдесінен шығып жатырмыз ба?
 
Сол сияқты Пайғамбарымыз ﷺ Мекке алынғанға дейін Қағбаның ішінде пұттар тұрғанына қарамастан, мұсылмандарға Қағбаны айналып тауап жасауды тоқтаттырмады. Алдымен адамдардың жүрегін өзгертті, қоғамды дайындады, содан кейін ғана пұттар сыртқа шығарылды. Төзім, жағдаймен санасу, өзгенің де ахуалын ескеру - осы даналықтың ішінде жатқан жоқ па?!
 
“Менікі дұрыс” деген ғана ой - қаншама адамға “қол көтере алмайтын шоқпарды белге байлатады…” Бірде, бір бәдәуи мешіттің ішінде дәрет сындырғанда сахабалар оны бірден тоқтатпақ болды. Бірақ Алла Елшісі ﷺ: «Тиіспеңдер, бітірсін», – деп сабырға шақырды. Кейін әлгі адамға жұмсақ түрде түсіндірді. Өйткені кейде мәселені күшпен емес, көрегендікпен шешу әлдеқайда үлкен нәтиже береді. Бұл оқиғалар бізге бір нәрсені үйретеді: хақ сөздің өзі хикметпен айтылғанда ғана жүрекке жетеді. Бірақ бұл үндеу тек дін ұстанатын азаматтарға ғана арналмайды. Дінді ұстанбайтын немесе өзін басқа көзқарастағы азаматпын деп есептейтін адамдар да бір нәрсені ұмытпауы керек.
 
Зайырлылық - дінге қарсы ұғым емес. Зайырлылық - әр азаматтың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, қоғамдағы ортақ тәртіп пен заңның үстемдігін қамтамасыз ететін қағида. Сондықтан зайырлы қоғамда да қасиетті дүниелерді әдейі қорлау, адамдардың діни сезімін аяққа таптау немесе қоғамды арандататын әрекеттер еркіндік болып саналмайды. Еркіндік әрқашан жауапкершілікпен бірге жүреді.
 
Соңғы уақытта әлемнің әртүрлі елдерінде діни өшпенділікті қоздырудың, қасиетті тұлғаларды қорлаудың құқықтық жауапкершілікке әкелген мысалдарын көріп жүрміз. Бұл бізге бір нәрсені еске салады: заң бәріне ортақ. Заң қоғамды қорғау үшін бар.
Сондықтан бүгін ең қауіпті нәрсе - дін мен ұлтты, дәстүр мен мемлекетті бір - біріне қарсы қою. Бұлар қарсы ұғымдар емес. Керісінше, бір-бірін толықтыратын құндылықтар. Біз ұтылатын жер - осы құндылықтардың өзінен емес, оларды үстірт түсінуден, бірін екіншісіне айдап салудан.
 
Қазақтың дәстүрі де, Исламның тәрбиесі де адамды әдепке, сабырға, жауапкершілікке шақырады. Мемлекеттің де басты мақсаты – қоғамның тұрақтылығы мен татулығын сақтау. Бұл үшеуі бір бағытқа жұмыс істегенде ғана ел күшейеді. Сондықтан бүгін бізге бұрынғыдан да көбірек ортақ мүдденің айналасына топтасу қажет. Мемлекеттің тұрақтылығын көздің қарашығындай сақтау, заңды құрметтеу, қоғамдық келісімді нығайту, бір-бірімізді тыңдай білу – бұл биліктің ғана емес, әр азаматтың міндеті. Осы тұрғыдан қарасақ, той мәселесі де жай ғана той мәселесі емес. Той - біздің мәдениетіміздің айнасы. Тойдағы сөз - халқымыздың ойлау деңгейінің көрсеткіші. Тойдағы әзіл - біздің тәрбиеміздің өлшемі. Тойдағы тәртіп - қоғамдағы тәртіптің көрінісі. Сондықтан асаба да, ақсақал да, имам да, өнер адамы да, қарапайым қонақ та бір нәрсені ұмытпауы керек: бүгін айтылған әр сөз ертең бүкіл елдің бағытына айналуы мүмкін. Қазір бәрімізге бір қасиет аса қажет.
 
Ол - сабыр.
Ол - парасат.
Ол - жауапкершілік.
 
Өзгеріп жатқан әлемде өз құндылықтарын сақтай отырып, қоғаммен үйлесе білген ел ғана алға шығады.
 
Әлем цифрланып, жасанды интелект табиғатымызға тұғыр боп жатыр. Бір жауапсыз қадамнан соғыс басталып, бір ауыз артық сөз пендені түрмеге түсіріп жатыр. Ойланбай, таразыламай, ақылдаспай өмір сүретін уақыт емес… Мемлекет басшысы алты тараппен тату қарым- қатынас жасап, қолы қимылдағанның аузы қимылдауына толық мүмкіндік тудырып жатыр. Енді, біз де қоғам ретінде, сана мәдениетін көтеріп, өз-өзімізді сілкіп, заманымызға қарай дамып, радикал ойлардан алыс боп, ортақ татулыққа, ортақ мүддеге қарай ұйысымуыз керек", - деп жазды Мұхамеджан Тазабек. 
Барлық жаңалықтар