Әлеуметтік желіде тараған видеода алматылық әйел, Гүлсім Сатыбалды балалардың құқықтары бұзылды деп, Оқу-ағарту министрлігін сотқа бергенін айтты. Ол оқиғаға Алматы қаласындағы білім беру және балаларды қорғау саласының бірнеше қызметкері қатысқанын мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.
Гүлсім Сатыбалдының сөзінше, Ержан Дәулетұлы Барлықбеков есімді азамат өзін Балалардың құқығын қорғау орталығының қызметкері ретінде таныстырған. Ол ата-аналар үйде болмаған кезде балаларды күштеп басқа жерге көшіруге қатысқан-мыс.
Гүлсім Сатыбалды әлгі азаматтың әрекет жасауға негіз болатын құжаттарды көрсетпегенін және оның қызметтік мәртебесіне күмәні барын айтады.
Сондай-ақ ол Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақнұр Нұрәлиеваны, №33 мектептің директоры ретінде аталған Қ. Күзенбаевты және бірқатар мұғалімді заңсыз әрекетке қатысы бар деп айыптады.
Оның айтуынша, балалардың тағдырына қатысты мәселені заң аясында шешудің орнына, үшінші адамға «балаларды өз қамқорлығыма аламын» деген мазмұнда қолхат жаздыруға қысым жасалған. Әйел қолхат жазылмаған жағдайда балаларды арнайы мекемеге тапсырумен қорқытқанын да мәлімдеді.
«Алматы қаласының білім басқармасы бір жылдан бері өз қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін қорғап келеді. Оқу-ағарту министрлігі де жағдайды біле тұра балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы ойламайды», – дейді ол.
Видеода құжаттың күмәнді тұсын көрсетті
Бейнежазбада Алматы қаласы Білім басқармасының Балалардың құқығын қорғау орталығы шығарған бұйрық та көрсетілген.
Құжатта Ержан Барлықбековпен 2025 жылғы 2 мамырда жасалған еңбек шартының 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап қызметкердің өз бастамасы бойынша тоқтатылғаны жазылған.
Демек, көрсетілген құжат оның белгілі бір кезеңде орталықпен ресми еңбек қатынасында болғанын аңғартады. Алайда даулы оқиғаның нақты қай күні болғаны видеода анық айтылмаған. Сондықтан азаматтың оқиға кезіндегі қызметтік мәртебесін бір ғана бұйрыққа қарап түпкілікті бағалау мүмкін емес.
Алматыдағы Балалардың құқығын қорғау орталығы 2025 жылы құрылып, мектептер, қорғаншылық органдары, құқық қорғау құрылымдары және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы үйлестіруші мекеме ретінде белгіленген. Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне осы саладағы реттеу, бақылау және іске асыру міндеттері жүктелген.
Видеода аты аталған лауазымды адамдар мен мекемелердің қарсы уәжі берілмеген.