Орынбасары сотталған соң ШҚО әкімі отставкаға өтініш берді

Орынбасары сотталған соң ШҚО әкімі отставкаға өтініш берді

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға соттың үкімі шыққаннан кейін қазіргі өңір басшысы отставкаға кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды Democrat.kz.

ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова хабарлағандай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Алайда, отставка қабылданбады.

"Арызды қарау қорытындысы бойынша іске қатысы жоқтығын ескере отырып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыттары бойынша өңір әкімінің қызметі штаттық режимде жүргізілуде",-деді ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың 3 сәуірінде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық пен пара алғаны үшін кінәлі деп таныған болатын. Оған мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет етуге тыйым салынды.

Барлық жаңалықтар