Мектепте оқушыға «2» қою мәселесі қайтадан қызу талқылана бастады. 36 жылдық тәжірибесі бар педагог Юсуп Давлатов «екілікті» жазалау құралына айналдырмай, оның нақты білім нәтижесін көрсететін белгі ретінде қабылдау керек екенін айтты, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желідегі жазбасында педагог соңғы жылдары оқушыға «2» қоюға қатысты көзқарастың қатты өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, кейде тоқсандық не жылдық бағасы төмен бола тұра, күнделікті сабақта «екілік» қоюға мұғалімнің өзі де қиналатын жағдай қалыптасқан.
Енді бағалау талаптары өзгеріп, жылдық қорытынды бойынша үш және одан да көп пәннен «2» алған оқушының оқу жылын қайта оқуына қатысты талаптар талқыланып жатқан тұста педагог бір маңызды мәселеге назар аударған.
«Ережені өзгерттік екен деп, ертеңнен бастап “2”-ні тапырлатып қоя бастау дұрыс па?» – деп сұрақ қояды ол.
Педагогтің пікірінше, мәселе «екіліктің» санын көбейтуде емес, ең алдымен бағалауға деген көзқарасты өзгертуде.
Оның айтуынша, оқушы «2»-ні жаза емес, белгілі бір оқу нәтижесіне қол жеткізе алмағанын көрсететін белгі ретінде қабылдауы керек.
Ал ата-ана «балама мұғалім әдейі екі қойды» деп емес:
«Балам қай тақырыпты меңгермеді? Қандай көмек керек?» – деген сұрақ қоюға үйренуі тиіс.
Мұғалім үшін де «2» қорқыту құралына немесе тәртіпке шақырудың амалына айналмауы керек.
«Мұғалімнің міндеті – сол белгіні қойғаннан кейін баланы сол жерде қалдырмай, оның біліміндегі олқылықты анықтап, түзетуге мүмкіндік жасау», – дейді педагог.
Ол бір оқушыға жыл бойы «2» қоймай келіп, талап өзгерген күні бірден бірнеше пәннен төмен баға қоюды да жөн санамайды.
Педагог 36 жылдық тәжірибесіне сүйеніп, баланы қорқытып оқыту ұзаққа бармайтынын айтады.
«Оған өзінің нәтижесіне жауапкершілік қарауды үйрету – әлдеқайда маңызды. Біздің мақсатымыз – “2” санын көбейту емес. Білім нәтижесін көтеру», – дейді ол.
Педагогтің жазбасы мектептегі бағалау мәдениетіне қатысты маңызды сұрақты қайта көтеріп отыр: баға оқушыны қорқытатын құрал болуы керек пе, әлде оның біліміндегі нақты олқылықты көрсететін әділ өлшем болуы тиіс пе?