Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ауғанстанға сапарында Қазақстан мен Ауғанстан арасында Герат пен Тургунди қалаларын байланыстыратын теміржол құрылысы инвестициялық жобасын бастау туралы меморандумға қол қойды.
Келісім шарттарына сәйкес, Қазақстан жобаға 500 млн доллар инвестиция салады. Ресми түрде бұл теміржол Қазақстанды арзан жеміс-жидек, көкөніспен қамтамасыз етуге керек делінеді. Соған бола жарты млрд доллар жұмсаймыз ба деген сұрақ туады. Мәселе жемісте емес, транзит үшін күрестегі жеңісте жатыр. Бұл теміржол жобасы Үндістанға жермен жеткізетін төте жол.
Шын мәнінде Түркіменстаннның Кушка қаласымен шектесетін ауғанның Торагунди елдімекенінен басталып одан әрі Үндістанға шығуды көздейтін бұл жобаның Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды транзит хабына айналуға ұмтылған Қазақстан үшін стратегиялық маңызы аса жоғары. Осы арқылы Қазақстан «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізіндегі рөлін күшейтіп қана қоймай, болашақта АҚШ мүдделі болып отырған жаңа «Үндістан-Таяу Шығыс-Батыс Еуропа» көлік дәлізіне де қосылуға мүмкіндік алады. Трансауған дәлізі Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы тауар тасымалына кететін уақытты 10 есеге дейін азайтады, тауар айналымын бірнеше есе көбейтеді және ең бастысы жүк тасымалының құнын арзандатады деген есеп бар. Қазақстан Қытайдың Сиань портынан бастау алатын трансұлттық көлік дәлізінің жаңа тармағын да ұсынып отыр.
Әзірге бұл кезекті талпыныс, бастама. Себебі оның жүзеге асуына кедергі келтіретін үлкен күштер бар. Егер осы жобаның жүзеге асуына мүдделі Қытай бұл жобаның қауіпсіздігін, жүзеге асуын толық имойнына алса бірдеңе шығуы мүмкін. Болмаса, жоба тек бірнеше елдің аумағымен шектелуі де ғажап емес.
Дәнеш АСҚАРБЕКҰЛЫ, журналист.