«Қазақмыс» «Абыз» кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстарын күшейтті

«Қазақмыс» «Абыз» кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстарын күшейтті

Қарағанды облысындағы «Абыз» алтын-полиметалл кен орнында терең қабаттарды егжей-тегжейлі зерттеуге және минералдық-шикізат қорын толықтыру мүмкіндігін бағалауға бағытталған геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде деп хабарлайды Democrat.kz.

Кен орны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының құрамына кіреді және 2005 жылдан бері игеріліп келеді.

Геологиялық барлау бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5 100 метр болатын алты іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Жұмыстар бұған дейін анықталған геофизикалық және геохимиялық аномалияларды тексеруге, сондай-ақ кен орнының терең қабаттарындағы перспективалы учаскелерді анықтауға бағытталған.

Бүгінгі таңда 1 400 қума метрден астам аумақ зерттеліп үлгерді.

Бұрғылау барысында алынған кернге кешенді геологиялық зерттеу жүргізіледі. Оның нәтижелері мамандарға кен орнының терең қабатындағы үшөлшемді геологиялық моделін нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зерттеу болашағы бар учаскелерді айқындап, кеніштің минералдық-шикізат қорын одан әрі ұлғайту мүмкіндігін бағалауға жол ашады.

Минералдық-шикізат қорын дамыту «Қазақмыс» Тобының стратегиялық бағыттарының бірі саналады. Компания 2026 жылы геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру көлемін арттырып, өз қызметіне қатысты өңірлердегі перспективалы учаскелерде бұрғылау жұмыстарын көбейтіп отыр.

Геологиялық барлау қолданыстағы кен орындарын жан-жақты зерттеуге, жаңа кен денелерін іздеуге және терең қабаттардың әлеуетін бағалауға бағытталған.

«Абыз» кен орнында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы оның ресурстық әлеуетін нақтылауға және кенішті одан әрі дамытудың перспективалы бағыттары бойынша шешім қабылдауға негіз болмақ.

Барлық жаңалықтар