«Қазақмыс» Қазақстандағы ең терең шахта оқпанының құрылысын бастады

«Қазақмыс» Қазақстандағы ең терең шахта оқпанының құрылысын бастады

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірін іске асыруға кірісті деп жазады Democrat.kz.

Компания Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кен орнының Шығыс учаскесінде «Ауа жеткізуші-клет-2» шахта оқпанының құрылысын бастады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 32,5 млрд теңгеден асады. 

Жаңа шахта оқпаны кен орнының Шығыс учаскесін дамытудың негізгі элементіне айналып, «Нұрқазған» кенішінің жаңа даму кезеңіне жол ашады. Оның құрылысы кен қорларын одан әрі игеруге, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және кәсіпорынның алдағы ондаған жылдардағы тұрақты жұмысына арналған заманауи инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оқпанның жобалық тереңдігі 1283,9 метрді құрайды. Бұл оны Қазақстандағы ең терең шахта оқпанына айналдырады. 

Құрылыстың басталуына арналған салтанатты рәсімге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Басқарма төрағасының орынбасары – тау-кен өндірісі және байыту жөніндегі бас операциялық директор Мұқан Үңгітбаев, «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының бас директоры Саят Бәкіров, мердігер ұйымның өкілдері мен еңбек ұжымы қатысты. Құрылыс жұмыстарының ресми басталуы іске қосу батырмасын символикалық түрде басу рәсімімен белгіленді.

«Бүгін біз «Нұрқазған» кенішінің алдағы бірнеше онжылдықтағы дамуын айқындайтын жобаны бастағалы тұрмыз. Бұл – адамдардың қауіпсіздігіне, өндірісті дамытуға және компанияның шикізаттық базасын нығайтуға бағытталған инвестиция. Жаңа шахта оқпаны кен орнының Шығыс учаскесін игеруге, кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және оның одан әрі дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков. 

Жаңа шахта оқпаны жерасты қазбасын таза ауамен қамтамасыз етуге, жұмыскерлер мен жабдықты қауіпсіз жеткізуге, сондай-ақ кен орнының Шығыс учаскесінде жаңа кен қорын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында 65 мың текше метрден астам тау жынысын қазып шығарып, шахтаның қолданыстағы деңгейжиектерімен тоғыз түйісу құрылысын салу қажет. 

Жобаның негізгі мақсаты – кен орнының Шығыс учаскесіндегі кен қорларын ашу, жерасты қазбаларын таза ауамен және желдетудің жобалық режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыскерлердің қауіпсіз түсіп-шығуына жағдай жасау болып табылады.

Оқпанды үңгілеу жұмысын 2031 жылы аяқтау жоспарланған. Одан кейін нысанды заманауи технологиялық жабдықпен жарақтандыру кезеңі басталады. Оның аясында клетті көтергіш монтаждалып, бас желдеткіш қондырғысы мен жерасты қазбаларына берілетін ауаны жылытуға арналған модульдік жылу энергетикалық қазандықпен жабдықталады. 

Шығыс учаскесін дамыту жұмысы екінші шахта оқпаны – «Желдеткіш-2» нысанының құрылысымен жалғасады. Құрылыс аяқталған соң жаңа оқпан шахтада пайдаланылған ауа ағынын сыртқа шығаруды, кеніштен резервтік шығу жолын және кен қорын қосымша игеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Екі оқпан бірлесіп кен орнының Шығыс учаскесін тиімді әрі қауіпсіз игеруге қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптастырады.

Мыс, алтын және күміс қорлары расталған «Нұрқазған» кен орнының қоры тау-кен байыту кешенінің 40 жылдан астам тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асыру өндірістік қуаттарды дамытуға, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және компанияның шикізаттық базасын нығайтуға бағытталған «Қазақмыс» компаниясының ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының маңызды кезеңіне айналады.

Барлық жаңалықтар