Қазақстанда азаматтардың жеке деректерінің жаппай таралуына жол берген компаниялар мен ұйымдарға қолданылатын жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесі көтерілді. Миллиондаған адамның ақпараты тараған соң қолданыстағы жазаның жеткіліктілігіне қатысты сұрақ туындады, деп жазады Democrat.kz.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева дербес деректердің ірі көлемде таралуы кезінде қолданылатын санкцияларды қайта қарау қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан заңнамасында дербес деректерді қорғауға қатысты жауапкершілік бар. Алайда бір адамның дерегінің таралуы мен миллиондаған азаматтың ақпаратының сыртқа шығуының салдары бірдей емес.
Сондықтан мұндай жағдайларда жауапкершілікті оқиғаның ауқымына қарай саралау мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Соңғы уақытта Қазақстанда азаматтардың жеке мәліметтерінің интернет пен даркнетке таралуы бірнеше рет қоғам талқысына түсті.