18 қазаннан бастап Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің жаңартылған тәртібі қолданылады. Өзгерістер мүгедектер арбасын рәсімдеу, гигиеналық құралдарды беру және ортопедиялық аяқкиімді ауыстыру мәселелерін қамтиды, деп жазады Democrat.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтарды техникалық көмекші құралдармен, арнайы қозғалыс құралдарымен және гигиеналық бұйымдармен қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер енгізді.
Жаңартылған ережеге сәйкес, қажетті құралдар азамат өтініш берген күннен бастап 365 күнге есептелген жылдық норма шегінде беріледі.
Мысалы, несеп ұстай алмау мәселесі бар мүгедектігі бар адамдарға жылына 1460 дана жөргек қарастырылған.
Әдетте олар тоқсан сайын кемінде 360 данадан беріледі. Ал шалғай аудандарда тұратын азаматтардың қалауы бойынша жылдық көлемді бір рет алу мүмкіндігі қарастырылған.
Мүгедектер арбасын рәсімдеу процесі де цифрландырылмақ.
Проактивті қызмет көрсету кезінде қажетті мәліметтер «Е-Собес» ақпараттық жүйесінен автоматты түрде алынады. Бұл азаматтың бірқатар құжатты қайта-қайта тапсыру қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Егер адамның оңалту құралымен қамтамасыз етілу мерзімі бір жылдан қысқа болса, берілетін бұйым саны нақты мерзімге сәйкес есептеледі.
Ортопедиялық аяқкиімге қатысты да талап нақтыланған. Қажеттілікке байланысты жылына бір жұп жазғы және бір жұп қысқы аяқкиімді ауыстыру қарастырылған.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 18 қазанда күшіне енеді.