Қазақстанда тұтынушыны алдайтын кәсіпкерлерге салынатын штрап көлемі көбейеді, деп жазады Democrat.kz. Ertenmedia.-ға сілтеме жасап.
Депутат Мұрат Әбеновтің айтуынша, Парламентте қаралып жатқан заң жобасында сатушылардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
«Тұтынушы құқығын бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайтамыз. Енді сатушы тауар құнын толық қайтарумен бірге қосымша айыппұл төлейді. Мәселен, 1 млн теңгенің тауары үшін тұтынушыға ақшасын қайтарып, оның үстіне тағы 100 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Басты мақсат кәсіпкерлерге тұтынушы құқығын бұзу тиімсіз болу керек», – деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, алданған тұтынушы алдымен сатушының өзіне шағым түсіре алады. Егер ол 10 күн ішінде жауап бермесе, тікелей сотқа жүгінуге құқылы.
«Мен азаматтарға бірден сотқа барыңдар деп кеңес беремін. Конституция бойынша әр азаматтың сотқа шағымдану құқы бар. Кейбір судья мұндай шағымдарды басқа мекемелерге бұрып, істі қарауға құлықсыз болады. Бұл дұрыс емес», – деді мәжілісмен.
Сондай-ақ, заң жобасында WhatsApp сияқты мессенджердегі хат-хабар алмасу ресми келісімшарт болып саналатыны көрсетілген.
«Қазір онлайн сауда кең тарады, азаматтардың көбінде қағаз түрінде келісім жоқ. Сондықтан біз видеожазба, WhatsApp-тағы жазбаша келісім мен хат алмасу ресми келісімшартқа тең деп көрсетіп отырмыз. Егер мен сатушыға ақша жіберсем, ол маған WhatsApp арқылы тауарға 3 жыл кепілдік берем деп уәде берсе, ендеше бұл ресми келісім. Ертең ол сөзінен тайып, «арада ешқандай келісім болмады» деп кете алмайды. Біз халықты осылай қорғағымыз келеді. Өйткені компаниялардың заңгері бар, ал қарапайым тұтынушы қорғансыз күйде қалады», – деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар, Әбенов Мәжілісте банктер туралы заң жобасы қаралғанда да тұтынушыны қорғайтын түзету енгізілгенін атап өтті.
«Артынша бізге банктердің тұтас бір қауымдастығы келіп, маған және депутат Базарбекке шағым түсірді. Біз оларға: «ал қарапайым азаматтың құқығын кім қорғайды?» деп жауап бердік. Айына онлайн-несие бойынша алаяқтарға алданып, құқығы бұзылған 500-ден астам адамнан арыз түседі», – деді Әбенов.
Әл-әзір Мәжілісте тұтынушы құқығын қорғау туралы заңға жаңа түзетулер қаралып жатыр. Бұған дейін қазақтардың сатушылардың ақшаны қайтарудан бас тартуына және сапасыз тауарды ауыстырмауына жиі шағымданатыны айтылған еді.