Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі еңбек жағдайын жақсартуды жеке бақылауына алды

Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі еңбек жағдайын жақсартуды жеке бақылауына алды

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған кенішіне арнайы барып, еңбек ұжымымен ашық әрі нәтижелі кездесу өткізді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Жұмысшылармен тікелей диалог барысында кеніштегі өндірісті жаңғырту, тау-кен техникасы мен жабдықтардың тозуы, еңбек жағдайы және экологиялық қауіпсіздік сияқты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Руслан Өскенәлі кеншілердің әрбір өтінішін жеке бақылауына алып, көтерілген мәселелер толық зерттелгенше кеніште жұмысын жалғастыратынын жеткізді. Сонымен қатар тиісті қызметтік тексеріс кезеңінде Басқарма төрағасының орынбасары өз міндетінен шеттетілді.

Компанияның жаңа басшылығы акционердің қолдауымен өндірістік активтерді жаңарту мен кеншілердің тұрмысын жақсарту бағдарламасын белсенді жүзеге асыра бастады.

Қазіргі уақытта Жезқазған және Сәтбаев қалаларын кешенді дамытуға 32 млрд теңге бағытталып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ минералды-шикізат базасын дамытуға арналған инвестиция да еселеп артты. Егер бұған дейін Жезқазған кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстарына жылына шамамен $5 млн бөлінсе, бүгінде бұл көрсеткіш жыл сайын $40 млн-ға жетті.

Экологиялық бағытта да ауқымды жобалар қолға алынды. Алдағы уақытта Жезқазған мыс қорыту зауытында күкірт қышқылы цехын салу жоспарлануда, бұл өндірістің қоршаған ортаға әсерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Еңбекақы мәселесіне тоқталған компания басшылығы кеншілердің әл-ауқатын кезең-кезеңімен арттыру бағытын растады. Барлық маңызды шешімдер кеніштің қаржылық тұрақтылығы мен еңбек ұжымының ұзақмерзімді мүдделерін ескере отырып қабылданады.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Жезқазған кеніші штаттық режимде, бекітілген жоспарға сай тұрақты жұмыс істеп тұр.

Барлық жаңалықтар