Журналист Жазира Бегалының әскер мәселесіне қатысты жазбасы қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
"Өз аяғымен отан алдындағы борышымды өтеймін деп әскерге аттанып, Қызылорда шаһарына табытпен жеткізілген Еркебұлан Сағындықты жоқтаған ананың зарын тыңдайтын кім бар?
Фельдшерлік мамандықты меңгеріп, ғұмырын халықты ауру-сырқаудан емдеуге бел буып, таудай -таудай жоспар құрған жас ғұмыр тағы әскерден тірі қайтпады. Бұл не сұмдық?
Маңғыстау облысының “Үстірт “ шекара бекетінде жанармайдың буына уланып көз жұмды деген болжамға туыстары сенбейді. Бірақ неліктен жиі ақша сұрағаны да туыстарына жұмбақ болып тұр.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұлай жалғаса берсе, мен де баламды әскерге жіберуден бас тартамын.
Бейбіт күнде сарбаздардың табытпен оралуы жиілеп кетті. Әрбір оқиғаның соңы сиырқұйымшақтанып, өлімнің себебі белгісіз күйде қалатыны түсініксіз.
Кеше құрбым ұлын әскерден алып қалу үшін таныс іздеп жүрмін дейді. Көзінде үрей бар. Жалғыз ұлы. Бүкіл өмірін перзентіне арнады. Күйеуге де шықпады. Ал енді Армияға қалай жіберемін деп жылап қалды"деп жазды журналист.
Бұл жазбаға қатысты ұл өсіріп отырған аналар "ұлымызды әскерге жіберуге қорқамыз", "ұлымды әскерге жібермеймін" дегенге саятын пікір жазуда.