Қазақстандағы мектеп жүйесін реформалау дауы толастаған емес. Басшылар ауысады, министрлер өзгереді, бірақ орта білім берудегі жүйелі шикіліктер созбалаңға салынып келеді. Сол реформалардың ортасында, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы тағында отырған — Қаныбек Жұмашев.
Бұл фигура білім саласына сырттан келген жай шенеунік емес. Ол — осы жүйенің ішінде ондаған жыл бойы түрлі лауазымдарда пісіп-жетілген, «нұротандық» аппаратураның өкілі. Бірақ мектептердегі қордаланған мәселелер мен бюрократияның белең алуына қарап, Жұмашевтің басқару тәсілі реформадан гөрі есеп беруге көбірек негізделгенін байқау қиын емес.
Химик-технологтан білім идеологына дейін
Қаныбек Жұмашевтің өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, оның еңбек жолы білімге де, саясатқа да қатар өрілгенін көресіз. Мамандығы бойынша химия пәнінің мұғалімі және экономист. Еңбек жолын «Қаражанбастермұнай» кәсіпорнында технолог болып бастағанымен, кейін шұғыл түрде білім саласының әкімшілік сатысымен өсе бастады.
Маңғыстау облыстық білім басқармасын басқарды, облыс әкімінің орынбасары болды, кейін ұзақ жылдар бойы «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясының орталық аппаратында жүйелі саяси қызметтерде отырды. Тіпті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде де комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Содан кейін келіп, Орта білім беру комитетін басқаруға кірісті. Саясат пен бюрократияның барлық мектебінен өткен шенеуніктің білімге қайта оралуы салада терең реформаларға серпін бере алды ма? Сұрақ үлкен.
Мектептердегі былық: Басты кемшіліктер мен созбалаң
Орта білім беру комитетінің тікелей жауапкершілігіндегі мәселелердің көбі әлі күнге дейін қағаз жүзіндегі "идеалды" есептермен бүркемеленіп келеді:
· «Жайлы мектеп» жобасы мен инфрақұрылымдық даулар: Қазақстан мектептеріндегі үш ауысымдылық, сапасыз құрылыс, апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесі жыл сайын айтылады. Комитет тарапынан бақылау жүргізілгенімен, аймақтардағы мектептердегі сапасыз оқу жағдайлары, материалдық-техникалық базаның нашарлығы толық шешімін таппай отыр.
· Бюрократияның қайта белең алуы: Мұғалімдерді «қағазбастылықтан босату» туралы айқайлап айтылғанымен, іс жүзінде мектеп директорлары мен мұғалімдер түрлі есептерді дайындаудан әлі көз ашқан жоқ. Қағаз жүзінде цифрланған жүйе, іс жүзінде мұғалімге екі есе салмақ түсірді.
· Оқу бағдарламаларының құбылмалылығы: Мектеп бағдарламалары мен сағаттардың жиі өзгеруі, оқулықтардың сапасы — ата-аналар мен мұғалімдердің тұрақты шағымына айналған. Комитет реформаларды жүйелеп, нақты бір стандартқа әлі күнге дейін тұрақтата алмай келеді.
Сұхбаттар мен ресми баяндамалардағы шикіліктер
Қаныбек Жұмашевтің көпшілік алдында жасаған баяндамалары мен сұхбаттары көбіне құрастырылған бюрократиялық тілмен (канцеляризм) шектеледі. Нақты мәселе төңірегінде қойылған сұрақтарға, әсіресе:
1. Мектептердегі зорлық-зомбылық, буллинг және қауіпсіздік мәселелері;
2. Ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығы;
3. Мұғалімдердің біліктілігін арттырудағы формализм сияқты түйткілдерге келесіде нақты шешім ұсынудың орнына, «жоспар жасалды», «статистика бойынша оң динамика бар» деген дайын трафареттік жауаптар беріледі.
Жүйе ішіндегі шындықты айтудан гөрі, жоғарыға жағымды есеп беру дағдысы — жылдар бойы партиялық және мемлекеттік аппарата қызмет еткен шенеуніктің негізгі стилі болып қалған сияқты.
Қаныбек Жұмашев — білім саласының мәселесін өз көзімен көріп, мұғалімдердің шынайы жағдайын түсінетін реформатор ретінде емес, жүйенің ескі механизмін сақтап отырған стандартты шенеунік ретінде көрінеді. Орта білім беру комитетінің тізгінін ұстаған тұлға реформаны қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүргізе алмаса, мектептегі созбалаң мен былықтың аяқталуы екіталай.
Қаныбек Жұмашевті ұстаздар қауымына «мұғалімдер әр мереке сайын премия алады» деген бір сөзімен жақсы танымал болды десек, артық болмас. Democrat.kz. сайтында жарияланған осы сөзді айтқан видеосынан кейін Қаныбек Жұмашев арнайы мәлімдеме жасап, «ортақ диалог құрайық» деп, мұғалімдерге үндеу де жасаған. Түк шықпады.
Өкінішке қарай, әлгі видеосынан кейін қоғамда үлкен резонанс туындаған Қаныбек Жұмашевтің «больничный» алып, денсаулығын күтуге кеткені туралы министрлік жақтан нақтыланбаған бір хабар келді. Бұл ақпараттың қаншалықты рас екені белгісіз, десек те, жаңа оқу жылының күнтізбесін ресми мәлімдеуге Жұмашевтің өзі емес, орынбасарының шығуы күдігімізді растай түскендей.
Қаныбек Жұмашев расымен денсаулығына байланысты демалыста ма, әлде «пермия» туралы айтқаны үшін креслосына тықыр таяды ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір ұзынқұлақтан жеткен сөздерге сенсек, Оқу ағарту министрлігінде «министр Жұлдыз Сүлейменова жақында депутат болып, министрліктен кетеді, содан кейін қызметімді тып-тыныш жалғастырармын» деген үмітпен жүргендер аз емес көрінеді. Жұлдыз Сүлейменова депутат емес, министр болып орнында қалса, үмітін үкілеп жүргендерге обал болатыны сөзсіз...
Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.