Шымкенттегі салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешенінен пәтер алуға арналған ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Несие мөлшерлемесі 10,9%-дан басталып, бастапқы жарна кемінде 20 пайызды құрайды, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстан тұрғын үй компаниясы Шымкенттегі салынып жатқан тұрғын үй кешендерін «Орда аймақ» және «Орда аймақ Плюс» бағдарламалары арқылы сатуды бастады.
Несие сомасы 2 млн теңгеден 75 млн теңгеге дейін беріледі.
Мерзімі екі жылдан 20 жылға дейін, ал бастапқы жарна кемінде 20 пайыз болуы керек.
Номиналды сыйақы мөлшерлемесі 10,9 пайыздан басталады. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қарыздың нақты шартына байланысты 11,7–19,9 пайыз аралығында болуы мүмкін.
Бағдарламаның маңызды ерекшелігі — салынып жатқан нысанға Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болуы.
Бұл механизм үлескерлер үшін үй құрылысының аяқталуына байланысты тәуекелді азайтуға арналған.
Қазіргі тізімде Шымкенттегі бірнеше тұрғын үй кешені бар. Нақты несие шарты бастапқы жарнаға, қарыз мерзіміне және клиенттің параметрлеріне қарай өзгереді.