«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, Астана – Щучинск және Астана – Павлодар бағыттарындағы тасжолдардың кейбір учаскелерінде аптап ыстықтың әсерінен цемент-бетон жабынында ақаулар анықталған деп жазады Democrat.kz.
Мекеме өкілдерінің түсіндіруінше, жаз мезгілінде ауа температурасы 36–38 градусқа дейін көтерілген кезде бетон плиталары жоғары жылу жүктемесіне ұшырайды. Осындай жағдайда жол жабынының ішінде кернеу күшейіп, деформация қаупі артады. Осыған байланысты Ақмола және Павлодар облыстарында цемент-бетон жабыны бар республикалық маңызы бар жолдарға бақылау күшейтілді.
22 маусым күні Павлодар облысында жоспарлы мониторинг барысында Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы республикалық автожолдың 342+500 шақырымында (Павлодардан Астанаға қарай) қауіпті болуы мүмкін учаске анықталды. Жол қызметінің мамандары цемент-бетон плиталарындағы ішкі кернеудің арту белгілерін ерте кезеңде байқаған.
Оқиға орнында жедел түрде уақытша жол белгілері орнатылып, бетон плиталарындағы кернеуді азайту жұмыстары басталды. Кейіннен бұл учаскеге асфальт-бетон жабыны төселеді. Жөндеу жұмыстарына 15 маман мен қажетті арнайы техника жұмылдырылған.