Тағы да бір сарбаз әскерде көз жұмды

Тағы да бір сарбаз әскерде көз жұмды

5 қазан күні Алматы облысы бойынша департаменттің медициналық қамтамасыз ету бөлімінде Шекара қызметінің қатардағы сарбаз қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Нұрасыл Ануардың әскери борышын өтеп жүргеніне небәрі бір апта болған. 

Туыстарының айтуынша, Нұрасыл Ануар 2025 жылғы 27 қыркүйекте мерзімді әскери қызметке шақырылып, Қарасай шекара бөлімінде қызмет атқарғып жүрген. Араға бір апта салып, әскерге өз аяғымен кеткен жігіт үйіне табытпен оралды. 

“Біз оны жібергіміз келмеді, жүрегіміз бір нәрсені сезді. Бірақ Нұрасыл Отанға қызмет етуді, азаматтық борышын өтегісі келетінін мақтанышпен айтатын. Ол үшін әскердегі қызмет – ел алдындағы абырой мен жауапкершілік еді”, – дейді марқұмның туыстары.

Алдын ала қорытындыға сәйкес, әскери қызметкердің өліміне менингококцемия себеп болған. Алайда отбасы бұған сенбейді. Себебі Нұрасыл бір апта бұрын сап-сау еді, туыстарына да оның ауырып жатқаны туралы хабарланбаған.

“Таңертеңнен бері денесін көре алмай отырмыз. Бізді бір жерден екінші жрге жіберіп жатыр. Нұрасыл мейірімді, жүрегі таза, адал әрі өте жарқын жан еді. Ол әділдікке сенетін және өмірді жақсы көрді. Оның өлімі біз үшін орны толмас қаза болды”, — дейді жігіттің жақындары.

Марқұмның туыстары объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізіп, барлық мән-жайларды анықтап, қажетті шаралар қабылдануын талап етіп отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді, сондай-ақ қызметтік тексеріс тағайындалғанын мәлімдеді.

“Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады”, – деп жазды ведомство.

Барлық жаңалықтар