Оқу-ағарту министрлігі мен педагогтер арасындағы байланыстың әлсірегенін енді министрліктің өзінде басшылық қызмет атқарған маман да ашық айтып отыр. Орта білім комитетінің бұрынғы төрағасы Қаныбек Жұмашев білім саласындағы бастамалардың мұғалімдермен жеткілікті талқыланбайтынын сынап, мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын жауапты тұлғаларды халық алдына шығып, түсініктеме беруге шақырды, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстандағы білім саласында жүргізіліп жатқан өзгерістерге байланысты мұғалімдердің наразылығы әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүр. Әсіресе педагогтерді аттестаттау, цифрлық платформалар, есеп беру жүктемесі мен жаңа талаптардың енгізілу тәртібі ұстаздар арасында сұрақ туғызуда.
Бұл жолы министрліктің жұмыс тәсіліне қатысты сыни пікірді білім беру жүйесінің ішкі құрылымын жақсы білетін, бұрын Орта білім комитетін басқарған Қаныбек Жұмашев білдірді.
«Оқу-ағарту министрлігі мен педагогикалық қауымдастық арасында байланыс өте төменгі деңгейге жеткенінің дәлелі шығар. "Өрлеу" мен "Академия" мамандары емес, мемлекеттік саясатты жүзеге асырып отырған мемлекеттік қызметшілер халық алдына шығып түсіндіру керек қой», – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Бұрынғы комитет төрағасының бұл сөзі білім саласындағы жауапкершілік мәселесін алға шығарып отыр.
Шынында, мұғалімдердің күнделікті жұмысына, кәсіби мәртебесіне, біліктілік санатына және еңбекақысына әсер етуі мүмкін өзгерістерді кім түсіндіруге тиіс?
Әдістемелік ұйымдардың мамандары ма, әлде сол өзгерістерге жауапты министрліктің лауазымды қызметкерлері ме?
Қаныбек Жұмашев білім саласындағы бастамаларды қабылдамас бұрын педагогтердің, сарапшылар мен цифрлық технология мамандарының пікірін жан-жақты ескеру қажеттігін атап өткен.
«Әр бастама қалай жүзеге асырылады, сарапшылар не дейді, қарапайым педагогтердің ойы қалай, цифрлық мамандар ше? Міне, осылай жан-жақты талқылаумен енгізілетін болса, әлбетте түсінбеушілікте аз болар еді», – дейді ол.
Бұл пікірдің астарында министрлік назар аударуға тиіс маңызды мәселе бар.
Жаңа ереже немесе жоба алдымен кабинетте дайындалып, кейін мұғалімдерге міндет ретінде ұсынылса, оның іс жүзінде қандай қиындық туғызатынын кім алдын ала бағалайды?
Өзгерістің тиімділігін ең алдымен сол өзгеріспен күнделікті жұмыс істейтін педагогтер сезінеді. Ендеше, олардың пікірін ескермей жүргізілген реформаның нәтижелі болуы қаншалықты мүмкін?
«Менің жұмыстан кеткеніме екі ай болып қалды»
Қаныбек Жұмашев педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасы туралы да пікір білдірді.
«Аттестацияның пилоттық жобасы туралы маған да сұрақ қойып жатыр. Менің жұмыстан кеткеніме екі ай болып қалды. Ал ол да кеңінен талқыланбаған жоба», – деп жазды бұрынғы төраға.
Бұл мәлімдеме кездейсоқ адамның пікірі емес. Жұмашев қызмет атқарған Орта білім комитетінің өзі педагогтерді аттестаттауға қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысатын құрылымдардың бірі.
Айта кетейік, педагогтерді аттестаттау жөніндегі пилоттық жоба 2026 жылғы 5 маусымдағы №159-НҚ бұйрығымен бекітіліп, 1 қыркүйектен іске қосылған. Демек, жобаның нормативтік негізі бар. Алайда бұрынғы төрағаның сыны оның заңдық рәсімделуіне емес, педагогикалық қауымдастықпен талқылану деңгейіне бағытталған.
Бұл жерде екі мәселені ажырату қажет: жобаның ресми қабылдануы және оның мұғалімдерге қаншалықты түсінікті әрі қолайлы болуы.
Педагогтердің біліктілік санатына, кәсіби бағалануына қатысты кез келген өзгеріс жан-жақты түсіндіруді қажет етеді. Ал түсіндіру жұмысы жеткіліксіз болса, ең дұрыс деп ұсынылған бастаманың өзі сенімсіздік туғызуы мүмкін.
Министрлік ұстаздардың сұрағына кімнің атынан жауап береді?
Қаныбек Жұмашевтің жазбасы Оқу-ағарту министрлігінің қазіргі басқару тәсіліне қатысты бірнеше өткір сұрақ туындатады.
Неліктен педагогтер жаңа бастамалардың мәнін әлеуметтік желі арқылы анықтауға мәжбүр? Неге мұғалімдердің сұрақтарына жауапты лауазымды тұлғалар тікелей әрі тұрақты түрде түсініктеме бермейді? Жаңа жобалар әзірленгенде қарапайым ауыл және қала мұғалімдерінің пікірі қаншалықты ескеріледі?
Ең бастысы, мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын құрылымдар сол саясаттың нақты орындаушысы – мұғаліммен ашық сөйлесуге қаншалықты дайын?
Әрине, бір жазба министрлік пен барлық педагогтердің арасындағы байланыстың деңгейін толық өлшей алмайды. Дегенмен бұрын осы жүйенің басшылығында болған адамның мұндай пікір білдіруі мәселені назардан тыс қалдырмауға негіз береді.
Қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың алдында тұрған міндет тек жаңа жобаларды жариялау немесе тапсырма беру ғана емес. Сол шешімдердің қажеттілігін дәлелдеу, мұғалімдердің күмәніне жауап беру және кәсіби қауымдастықтың сеніміне ие болу да маңызды.
Білім беру жүйесін мұғалімсіз реформалау мүмкін емес.
Сондықтан Қаныбек Жұмашев көтерген мәселе жай ғана ведомствоаралық түсіндіру жұмысының кемшілігі емес. Бұл – мемлекет пен педагог арасындағы кері байланыстың сапасына қатысты сын.
Министрлік реформаны түсіндіруге тиіс. Мұғалім оны түсінуге ғана міндетті емес, оны әзірлеу мен талқылауға да қатысуы керек.
Бұйрық қабылдау оңай. Ал сол бұйрықтың тиімділігіне мұғалімді сендіру әлдеқайда қиын.
Егер министрлік педагогтердің пікірін естімесе, педагогтер министрлікке қалай сенеді?
