«Тоқтатыңыз!» деген белсенді ұстаз министрге өткір талап қойды

«Тоқтатыңыз!» деген белсенді ұстаз министрге өткір талап қойды

Қазақстан мектептерінде сынып жетекшілеріне жүктелетін міндеттерге қатысты тағы бір өткір мәселе көтерілді. Педагог Айнұр Сабыр Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ашық үндеу жасап, мұғалімдердің өз міндетіне кірмейтін жұмыстарды атқаруға мәжбүр болып отырғанын сынады. Ол әсіресе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмысын сынып жетекшілеріне жүктеу тәжірибесін тоқтатуды талап етті, деп жазады Democrat.kz.

Белсенді педагог Айнұр Сабыр Facebook парақшасында министр Жұлдыз Сүлейменова мен Оқу-ағарту министрлігіне тікелей үндеу жолдады.

Оның айтуынша, мектептерде сынып жетекшілерінен негізгі міндетінен бөлек, басқа мамандардың жұмысына жататын тапсырмаларды орындау талап етілетін жағдайлар бар.

«Сынып жетекшілер тек қана 130-бұйрықтағы міндеттерді ғана орындау керек. Өкінішке орай, сынып жетекшілердің жұмысын 92-бұйрық қиындатып отыр.

Сол бұйрықтағы сынып жетекшінің жұмысын нақты көрсету керек.

Бұл бұйрықты өз қалағанынша пайдаланып, сынып жетекшіні "қара жұмысшы" қылып отырғандарды тоқтатыңыз!» – деп жазды педагог.

Осылайша ұстаз бірден екі нормативтік құжаттың арақатынасын мәселе етіп көтерген.

Біріншісі – педагогтер жүргізуге міндетті құжаттардың тізбесін белгілейтін 2020 жылғы №130 бұйрық. Екіншісі – білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмыс тәртібін реттейтін 2025 жылғы №92 бұйрық.

Айнұр Сабырдың пікірінше, осы құжаттарды мектеп әкімшіліктері әртүрлі түсіндіріп, сынып жетекшілеріне артық міндет жүктеуі мүмкін.

«Сынып жетекшіге ББҰППҚО мен ААППҚО-ның жұмыстарын міндеттемесін. Сынып жетекші 92-бұйрықсыз да баламен тығыз байланыста.

Сынып жетекшілер 130 бұйрықтағы баланың әлеуметтік картасын "Балажан" платформасымен орындайды», – дейді ол.

Мұғалім барлық маманның жұмысын атқаруға міндетті ме?

Бұл үндеудің маңызды тұсы – сынып жетекшісі мен психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарының қызметтік шекарасын нақты ажырату қажеттігі.

Мектепте педагог-психолог, әлеуметтік педагог, дефектолог, логопед және педагог-ассистент секілді мамандар бар. Олардың әрқайсысының кәсіби міндеті мен жауапкершілік аясы бөлек.

Ал сынып жетекшісі оқушының оқуына, тәрбиесіне, ата-анасымен байланысына қатысқанымен, бұл оның барлық маманның қызметін толық атқаруы керек деген сөз емес.

Егер мектеп әкімшілігі психологиялық диагностикаға, әлеуметтік зерттеуге, арнайы қолдау шараларына байланысты құжаттарды түгел сынып жетекшісіне жүктесе, онда арнайы мамандардың жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Ең бастысы, мұндай тапсырмалар қай нормативтік құжаттың нақты қай тармағына сүйеніп беріліп отыр?

Мұғалімдердің артық жүктемесі туралы мәселе талай жылдан бері көтерілгенімен, мектептердегі тапсырмалардың шекарасы әлі де даулы болып отыр.

Министрлік жауап беруге тиіс

Айнұр Сабырдың үндеуі жеке бір педагогтің шағымымен шектелмейді. Ол білім беру жүйесіндегі маңызды қайшылықты көрсетеді: мұғалімнің негізгі міндеті – оқыту мен тәрбиелеу, ал мектептегі кейбір әкімшілік талаптар оның уақытын құжат толтыруға жұмсауы мүмкін.

Сондықтан министрлік №130 және №92 бұйрықтардың қолданылуына қатысты мектептерге бірыңғай, түсінікті нұсқаулық беруге тиіс.

Сынып жетекшісі қандай жұмысты міндетті түрде орындайды? Қай тапсырма психологиялық-педагогикалық қолдау мамандарына тиесілі? Бір ақпаратты бірнеше платформаға енгізу қаншалықты негізді? Артық міндет жүктеген мектеп әкімшілігінің әрекетіне кім жауап береді?

Бұл сұрақтар нақты жауапты қажет етеді.

Өйткені педагогтің уақытын тек есеппен өлшеуге болмайды. Сынып жетекшісінің негізгі жұмысына жағдай жасалмаса, одан сапалы тәрбие мен нәтижелі білім беруді талап ету де қайшылықты.

Мұғалімнен жауапкершілік талап еткен мемлекет оның еңбек ету құқығын, кәсіби міндеттерінің шекарасын және уақытын да қорғауға тиіс.

Сынып жетекшісі – мектептегі барлық бос міндетті жүктей салатын қызметкер емес. Ол – баланың білімі мен тәрбиесіне жауапты педагог. Осы қарапайым қағиданы мектеп әкімшіліктерінің бәрі бірдей түсініп отыр ма?

Барлық жаңалықтар