Астанадағы №99 мектепте болған оқиға қоғамның назарын аударды. Әріптестерінің алдында айтылған бір ауыз сөзден кейін мұғалімнің денсаулығы күрт нашарлағаны туралы ақпарат тарады. Алайда қалалық Білім басқармасы оқиғаны мүлде басқаша түсіндіріп отыр. Екі тараптың мәлімдемесіндегі қайшылық мектеп ішіндегі қарым-қатынас пен педагогтердің психологиялық қауіпсіздігі туралы маңызды сұрақтар туғызды, деп жазады Democrat.kz.
Елордадағы №99 мектептің бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен өткен әдістемелік бірлестік отырысы күтпеген жағдаймен аяқталған. Әлеуметтік желіде жарияланған шағымға сәйкес, жиын барысында бірлестік жетекшісі мұғалімдердің біріне дауыс көтеріп, әріптестерінің көзінше дөрекі сөйлеген.
«Ұнамаса, шығып кетуіңізге болады!» – деген сөз айтылғаны хабарланды.
Шағым иесінің мәлімдеуінше, осы оқиғадан кейін мұғалімнің жағдайы нашарлап, мектепке жедел жәрдем шақырылған. Дәрігерлер педагогті медициналық мекемеге жеткізген.
Оқиға туралы Astana Sergек парақшасы NewTimes.kz басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Жарияланым авторы мектеп ішіндегі мұндай қарым-қатынасты педагогке жасалған психологиялық қысым деп бағалап, Астана қаласының Білім басқармасынан жағдайды объективті тексеруді талап еткен.
Алайда Білім басқармасы ұсынған түсініктеме шағымдағы деректерден өзгеше.
Ведомство мәліметінше, мектепте бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік кеңесі өтіп, онда білім сапасын арттыру және педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мәселелері талқыланған.
«Отырыс барысында педагогтердің бірі өзін жайсыз сезінетінін хабарлаған. Осыған байланысты мектептің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі оған бөлмеден шығып, демалуды ұсынған», – деп түсіндірген басқарма өкілдері.
Яғни шағым авторы мұғалімге дөрекі ескерту жасалғаннан кейін оның жағдайы нашарлағанын айтса, басқарма педагогтің өзін жайсыз сезінгенін алдын ала хабарлағанын алға тартады.
Екі нұсқаның арасындағы айырмашылық елеулі. Бірінде мұғалімге қысым жасалғаны айтылса, екіншісінде басшының әрекеті денсаулығы нашарлаған қызметкерге көрсетілген қамқорлық ретінде сипатталады.
Ендеше шын мәнінде не болды?
Мұғалімге дауыс көтерілді ме? Оған қандай сөз айтылды? Сол сәтте жиынға қатысқан өзге педагогтер не көрді, не естіді?
Бұл сұрақтарға нақты жауап беру үшін оқиғаға қатысқан адамдардың түсініктемесі мен қолда бар өзге дәлелдер жан-жақты қаралуға тиіс.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы да жағдайға қатысты ақпарат берген. Ведомство мәліметінше, педагогті медициналық қызметкерлер тексеріп, қажетті көмек көрсеткен. Ауруханаға жатқызуға көрсетілім анықталмағандықтан, әйел амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген.
Демек, мұғалімнің медициналық көмекке жүгінгені расталғанымен, денсаулығының нашарлауына нақты не себеп болғаны әзірге анықталған жоқ.
Бұл мектепте бұған дейін де төтенше жағдай болған
Оқиғаның тағы бір назар аударарлық тұсы – №99 мектептің қазан айында екінші рет жұрт назарына ілігуі.
Бұған дейін, 8 қазанда, осы білім ордасының киім ілетін бөлмесінде оқушылардың жаппай кептеліп қалғаны туралы бейнежазба тараған.
Білім басқармасының түсіндіруінше, екінші ауысымдағы жеті сыныптың сабағы бір мезгілде аяқталып, балалар бір уақытта киім алуға ұмтылған. Соның салдарынан кептеліс туындаған.
Оқушылардың бірі жұмсақ тіндерінің жарақатын алғаны хабарланды. Осы оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен босатылған.
Арада көп уақыт өтпей, енді педагогтердің арасындағы қарым-қатынасқа байланысты жаңа шағым жарияланып отыр.
Әрине, екі оқиғаның өзара байланысты екеніне дәлел жоқ. Дегенмен бір мектепте аз уақыт ішінде бірнеше даулы жағдайдың орын алуы оның ішкі ұйымдастыру жұмыстары мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас мәдениетіне назар аудару қажеттігін көрсетеді.
Мұғалімді кім қорғайды?
Қазақстанда педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиеті заңмен қорғалады. Педагогикалық әдеп қағидалары да әріптестер арасында өзара құрмет пен кәсіби қарым-қатынас мәдениетін сақтауды талап етеді.
Мектепте әдістемелік кеңес өткізу, мұғалім жұмысының кемшіліктерін талқылау, кәсіби талап қою – қалыпты басқару үдерісі. Бірақ кәсіби талап пен адамды көпшілік алдында кемсіту екі бөлек нәрсе.
Егер педагогтің ар-намысына тиетін сөз айтылғаны анықталса, бұл әрекетке тиісті баға берілуі керек. Ал шағымда көрсетілген жағдай расталмаса, тексеру қорытындысында оның да ашық айтылғаны маңызды.
Мұғалімнің құқығын қорғау туралы жоғары мінберден жиі айтылады. Алайда сол құқық мектептің өз ішінде қаншалықты сақталып отыр?
Педагог оқушы мен ата-ананың ғана емес, өз әріптесі мен басшысының тарапынан да сыйластық көруге тиіс.
Астана қаласының Білім басқармасы оқиғаның мән-жайы жан-жақты анықталып жатқанын хабарлаған.
Енді қоғам үшін ең маңыздысы – тексерудің қалай жүргізілетіні, кімнің әрекетіне қандай баға берілетіні және оның қорытындысы ашық жариялана ма деген сұрақ.
Өйткені мұғалімді қорғау ұранмен емес, нақты іс-әрекетпен өлшенеді.