Әр оқушыға иіліп сәлем берген мектеп директоры сынның астында қалды

Әр оқушыға иіліп сәлем берген мектеп директоры сынның астында қалды

Алматыдағы жекеменшік мектеп директорының оқушыларға иіліп сәлем беруі әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Біреулер мұны балаларға құрмет көрсетудің үлгісі деп бағаласа, енді біреулер «Қазақтың өз амандасу мәдениеті бар емес пе?» деп сынға алды. Жұртты екіге бөлген бейнежазба білім саласындағы ұлттық тәрбие мен шетелдік тәжірибенің арақатынасы туралы маңызды мәселені көтерді, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Mirai School мектебінің директоры оқушыларды күн сайын есік алдында қарсы алып, әрқайсысына иіліп сәлем беретіні көрсетілген бейнежазба тарады.

Qara Almaty парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, бұл білім ордасында қазақ және жапон мәдениетін ұштастыруға ерекше мән беріледі. Жапониядан келген педагогтің оқушылармен иіліп амандасуы да осы тәрбиелік ұстанымның бір көрінісі ретінде ұсынылған.

Мектепте ұлттық дәстүрлерге, ана тіліне құрмет көрсетуге, жауапкершілік пен ұқыптылыққа басымдық берілетіні айтылған.

Алайда директордың оқушыларға қайта-қайта иіліп сәлем беруі желі қолданушыларының бәріне бірдей ұнай қойған жоқ.

«1000 оқушы келсе мың рет иіле ме? Бұл қайдан шыққан амандасу? Біреуге еліктеудің ауыр түрі екен. Қазақта кеудесіне қолын салып ізет білдірген. Сол дұрыс болар еді мынадан. Атақ үшін тоңқаңдау сияқты!» – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Тағы бір қолданушы мұндай амандасу дәстүрін қазақ қоғамына енгізудің қажеті бар ма деген мәселе көтерген.

«Қытай болдық па? Ермек игені қазақтарға жараспайды. О дүниедегі аталар көрсе, ұрпағының ұсақталып кеткеніне риза болар ма екен?!» – дейді ол.

Ал кейбірі бұл әрекетті шынайы құрметтен гөрі әлеуметтік желіге арналған көрініске теңеген.

«Хайп қуған директор», – деп қысқа қайырған желі қолданушысы.

«Мұғалімдер бас иіп тұрғаны ұят болды-ау. Кішкентай балалардың дегенін жасайтын заман болды-ау», – деген пікір де жазылған.

Тіпті директордың бұл әрекеті күнделікті қалыптасқан дағды ма, әлде камера алдында ғана жасалатын көрініс пе деген күмән де туындаған.

«Күнде осылай ма, әлде видеода ғана ма?» – деп сұраған тағы бір желі қолданушысы.

Дегенмен пікірлердің барлығы теріс емес. Директордың әрекетін қолдағандар мұны кішіпейілділік пен өзара сыйластықтың белгісі деп бағалайды.

«Бізде де ұстаздар тұрады ғой амандасып бөлмелерінің алдында. Ол байқалмайды... Жапонның салт-дәстүрі, кірсе де, шықса да иіліп сәлемдесіп, қоштасып жүреді. Біз ғой дәстүрден шошып жүрген. Ұстаз, басқарған үлкен адамды сыйласақ, құл сезінеміз. Иілмек түгілі ауызбен амандассақ міндет қыламыз», – деп жазған желі қолданушысы.

Бұл пікірдің де жаны бар. Өйткені жапон мәдениетінде иіліп сәлемдесу адамның лауазымы мен жасына ғана байланысты емес. Ол алғыс білдірудің, қоштасудың, кешірім сұраудың және өзара құрмет көрсетудің де қалыптасқан тәсілі.

Ал қазақтың дәстүрлі амандасу мәдениетінде қол алысып сәлемдесу, үлкенге ізет көрсету, кеудеге қол қойып құрмет білдіру сияқты өзіндік ерекшеліктер бар.

Мәселенің мәні де осында.

Шетелдің озық білім беру тәжірибесін үйрену – бір бөлек, ал оның мәдени рәсімдерін сол күйінде қабылдау – басқа мәселе.

Бір жағынан, оқушыны есік алдынан қарсы алып, оған құрмет танытатын мектеп басшысының әрекетін теріс бағалауға негіз жоқ. Өйткені баланың қадір-қасиетін мойындау, онымен сыпайы қарым-қатынас жасау – сапалы білім беру ортасының маңызды белгісі.

Екінші жағынан, мұндай әрекеттің сыртқы көрінісі ғана емес, тәрбиелік мазмұны да маңызды. Балаларға иіліп сәлем берудің мәні түсіндірілмесе, ол тәрбиелік дәстүрден гөрі күнделікті қайталанатын рәсімге айналуы мүмкін.

Ең бастысы, құрметтің өлшемі адамның қаншалықты төмен иілгенінде емес, оның өзгеге қалай қарайтынында.

Оқушыларды күлімдеп қарсы алған директор оларды мектеп қабырғасында да дәл солай құрметтей ме? Балалардың пікірі тыңдала ма? Олардың қауіпсіздігі, психологиялық жайлылығы мен білім сапасы қаншалықты қамтамасыз етілген?

Міне, кез келген мектептің шынайы мәдениетін айқындайтын негізгі сұрақтар осылар.

Алматыдағы бір мектептің бейнежазбасы осылайша қарапайым сәлемдесудің өзінен үлкен қоғамдық пікірталас туғызды.

Біреулер оны жапон мәдениетінің озық үлгісі деп қабылдады. Енді біреулер қазақы амандасу дәстүрінен алыстаудың белгісі ретінде бағалады.

Ал сіз қалай ойлайсыз? Мектеп директорының әр оқушыға иіліп сәлем беруі – кішіпейілділік пен құрметтің үлгісі ме, әлде шетелдік мәдениетке шамадан тыс еліктеу ме?

Барлық жаңалықтар