«Сабақ кестесінде тұр, бірақ ақшасы қайда?»: Мұғалімдер төленбейтін еңбекке наразы

«Сабақ кестесінде тұр, бірақ ақшасы қайда?»: Мұғалімдер төленбейтін еңбекке наразы

Қазақстандық мұғалімдер арасында сынып сағатына еңбекақы төлеу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Педагогтер сабақ кестесіне енгізілген 45 минуттық тәрбие сағатына жоспар жасалып, құжат толтырылып, есеп талап етілетінін, алайда оның ақысы жеке есептелмейтінін айтып, наразылық білдіруде. Бұл заңға қаншалықты сәйкес келеді, деп жазады Democrat.kz.

Мұғалім сабақ өткізеді. Жоспарын жазады. Журнал толтырады. Есебін береді. Бірақ осы жұмысы үшін жеке еңбекақы алмайтынын айтады.

Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада педагогтердің бірі сынып сағатына ақы төлеу тәртібіне қатысты мәселе көтерген.

«Коллеги, вопрос. Почему кл час есть в расписании (полноценный урок 45 минут). Документацию (КТП, КСП) к нему требуют. Наглядности, отчёты (фото, видео) в том числе. Но этот час учителям не оплачивают», – деп жазды ол.

Мұғалімнің сауалы әріптестері арасында пікірталас туғызды.

Бір қолданушының айтуынша, сынып сағатына қатысты кәсіподақтан түсініктеме берілген. Онда сынып сағатын сабақ кестесіне енгізу заңсыз екені айтылған көрінеді. Алайда кейбір мектептердің әкімшілігі оны әлі де кестеге енгізіп отырғаны жөнінде пікір білдірілген.

Ал басқа мұғалімдер сынып сағатының ақысы сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемақыға кіретінін алға тартады.

«Классное руководство у нас 4 часа. Оплачивают. Классный час, информационный час, работа с родителями, мероприятие в 6 день. Итого 4 часа записали в журнал и получили оплату. Остальное – хобби и призвание», – деп жазған пікір иелерінің бірі.

Бұл пікірлер мұғалімдер арасында сынып жетекшілігі үшін берілетін қосымша ақы мен нақты өткізілген тәрбие сағатына төленетін еңбекақының ара-жігі жөнінде ортақ түсінік жоқ екенін көрсетті.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес, сынып жетекшілігі үшін педагогтерге арнайы қосымша ақы белгіленген.

1–4 сынып жетекшілеріне базалық лауазымдық айлықақының 50 пайызы, 5–11 (12) сынып жетекшілеріне 60 пайызы төленеді. Бұл төлем мұғалімнің пән бойынша өткізетін оқу сағаттарының ақысына қосымша қарастырылған.

Ал 2016 жылғы 12 қаңтардағы №18 бұйрықпен бекітілген сынып жетекшілігі туралы ережеде педагогтің аптасына бір рет сынып сағатын өткізуі оның міндеттерінің бірі ретінде көрсетілген.

Демек, сынып сағатын өткізу сынып жетекшісінің міндетіне кіреді. Бірақ оның сабақ кестесінде жеке көрсетілуі өздігінен бөлек ақы төлеуге құқық туғызады деген сөз емес. Мұндай мәселені шешу үшін нақты оқу жүктемесін, тарификацияны, еңбек шартын және атқарылатын жұмыстың мазмұнын салыстыру қажет.

Ең маңыздысы – сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы мұғалімге шексіз тапсырма беруге негіз бола алмайды.

Егер педагогтен бекітілген міндеттерден тыс қосымша сабақтар, құжаттар немесе өзге жұмыстар талап етілсе, олардың құқықтық негізі мен ақы төлеу тәртібі анық көрсетілуге тиіс.

45 минут сабақ үшін ғана емес, қағаз үшін де жауапты

Даудың екінші жағы – сынып сағатының айналасындағы құжатбастылық.

Әлеуметтік желідегі жазбаға қарағанда, кейбір педагогтерден тәрбие сағатына қысқа мерзімді жоспар, күнтізбелік жоспар, көрнекілік, фото және бейнеесептер сұралады.

Бұл жерде заңды сұрақ туындайды: аталған құжаттардың барлығы міндетті ме, әлде мектеп әкімшіліктері өз бастамасымен қосымша талап енгізіп отыр ма?

«Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес мұғалімнен білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті талап етуге жол берілмейді.

Ендеше, әрбір мектеп басшысы сынып сағатына байланысты сұралатын құжаттың нақты қандай нормативтік талапқа негізделгенін түсіндіруге тиіс.

Оның үстіне, мәселе бір ғана 45 минутта емес.

Сынып жетекшісі оқушылармен тәрбие жұмысын жүргізеді, ата-аналармен байланысады, сыныптағы ахуалды бақылайды, түрлі ұйымдастыру жұмыстарын атқарады.

Осы міндеттердің үстіне заңда көзделмеген қосымша есептер мен тапсырмалар жүктелсе, мұғалімнің нақты жұмыс уақыты ұлғаюы мүмкін.

Сондықтан педагогтер көтерген мәселені «бұл – сынып жетекшісінің міндеті» деген бір ауыз жауаппен жаба салуға болмайды.

Министрлік жауап беруге тиіс

Оқу-ағарту министрлігі сынып сағаттарына қатысты бірнеше маңызды мәселеге нақты түсініктеме бергені жөн.

Біріншіден, сынып сағатының сабақ кестесіндегі орны мен оның тарификацияға енгізілу тәртібі қандай?

Екіншіден, сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы нақты қандай жұмыстарды қамтиды?

Үшіншіден, тәрбие сағатына қатысты жоспарлар, фото және бейнеесептер қандай жағдайда міндетті болып саналады?

Төртіншіден, мектеп әкімшілігі педагогтен нормативтік құжаттарда көзделмеген қосымша есеп талап етсе, оған кім жауап береді?

Мұғалімдердің бұл сұрақтарға нақты жауап алуға құқығы бар.

Өйткені педагогтің уақыты – тегін пайдаланылатын ресурс емес. Ал сынып жетекшілігі – «қоғамдық міндет» деген желеумен кез келген қосымша жұмысты жүктей беретін қызмет емес.

Мұғалімге тапсырма беруден бұрын оның заңдылығын, еңбек жүктемесін және төлем тәртібін анықтау қажет. Білім беру жүйесіндегі шынайы тәртіп осыдан басталады.

Барлық жаңалықтар