ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласы, кәсіпкер Азамат Капенов бұрынғы жұбайы Тамилла Кәріммен қалай танысқанын және сол кездегі қомақты табысы туралы айтып берді, деп жазады Democrat.kz.
Кәсіпкер әрі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Капенов журналист Ғазиза Райымбекке берген сұхбатында Кәрім Мәсімовтің қызы Тамилламен танысу тарихын баяндады.
Айтуынша, бәрі Астанадағы «Алаша» мейрамханасында басталған. Бурабайдан достарымен демалып қайтқан кәсіпкер мейрамханада отырған қыздарды байқап, майлыққа телефон нөмірін жазып, даяшы арқылы жіберген.
Кейін оған Тамилланың өзі қоңырау шалып, кездесуді ұсынған. Алайда Капенов жұмысына байланысты кездесуді кейінге қалдырған. Сол кезде ол қыздың ықпалды шенеунік Кәрім Мәсімовтің қызы екенін білмегенін айтады.
Екеуінің таныстығы Мәскеуде жалғасып, кейін махаббатқа ұласқан.
Сұхбат барысында кәсіпкер сол кезеңдегі қаржылық жағдайын да сөз етті. Оның айтуынша, өзі басқаратын компания Ресейдің «Башнефть» кәсіпорнымен келісімшарт жасасып, Қазақстанға бензин жеткізумен айналысқан.
Капеновтың мәлімдеуінше, бұл бизнестен ай сайын 400–500 мың доллар таза пайда тапқан. Алайда аталған табыс көлемі тәуелсіз деректермен расталған жоқ.
Капеновтың айтуынша, Кәрім Мәсімов бастапқыда бұл некені құптамаған. Кейін олардың отбасылық қарым-қатынасы да дауға ұласқан.
Осылайша, бір кезде қарапайым таныстықтан басталған махаббат хикаясы ықпалды отбасының ішкі қайшылықтары мен ұзаққа созылған сот дауларына жалғасқан.