Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталатын төсбелгінің кімдерге және қандай еңбегі үшін беріліп жүргені қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде бұл марапаттың тамыр-таныстықпен берілуі мүмкін екенін алға тартқан жазба жарияланып, пікір білдірушілер марапаттау жүйесінің әділдігіне күмән келтірді, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желі қолданушысы Өмір Шыныбекұлы Facebook парақшасында білім саласындағы марапаттау жүйесіне қатысты өткір мәселе көтерді.
Ол кеңес заманында «Еңбек Ері» атанған адамдардың еңбегі мен беделін мысалға алып, қазіргі марапаттардың қадірі туралы ой қозғаған.
«Кеңес заманында #Дважды_герой, #трижды_герой яғни еңбек ері, батыр атағын алғандар болды... Брежнев көкеміз 4 рет алды-ау деймін...
Жарайды, ол кеңес заманында...
Жанар Сағынбай әріптесім тұратын ауданда бұрын педагогтарға берілетін ең жоғары мемлекеттік марапат болып, кейін #марапат_бизнес нысанына айналып иттің құлы итақай тағып қадірі түскен бір төс белгіні 2 рет алған "мұғалім" бар екен...
Кешіре гөр, ЫБЫРАЙ ата», – деп жазды ол.
Автордың осы пікірі қоғамдағы ескі әрі өзекті мәселені қайта көтерді: ұстазға берілетін марапат шын мәнінде еңбектің өлшемі ме, әлде бедел мен таныстықтың белгісіне айналып бара ма?
Жазба астындағы пікірлер де осы күмәннің кездейсоқ емес екенін аңғартады.
«Қазір марапатты ерен еңбегі барлар емес мықты тамыр танысы туысы барлар алатын болды», – дейді пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір оқырман:
«Ондай "батырдың" аты-жөнін білсек деген ғой, айтып жүретін. Тарихта "қалатын" жағдай ғой», – деп жазған.
Ал келесі пікірде тіпті нақты бір мектептегі жағдай мысалға келтірілген:
«Мен аузымды ашып қарап отырмын. Бір мектепте бір мұғалім Ыбырай атамдікіні алды, алтын медальге ұсынған оқушы соның пәнінен ала алмады. Сол жылы ол медаль алды. Стажы да т.т. жоқ. Ондайлар көп. Таң қаламын».
Бұл – әлеуметтік желідегі азаматтардың жеке пікірлері мен тексеруді қажет ететін мәлімдемелері. Аталған марапаттың заңсыз берілгені немесе нақты бір педагогтің оны таныстық арқылы алғаны әзірге дәлелденген жоқ.
Дегенмен мұндай күмәннің пайда болуының өзі білім саласындағы марапаттау жүйесінің ашықтығына қатысты маңызды сұрақ туғызады.
«Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі – педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалауға арналған ресми ведомстволық марапаттардың бірі. Ол білім беру мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін беріледі.
Оқу-ағарту министрлігінің салалық көтермелеу жүйесінде марапатқа ұсыну және кандидатураларды қарау тәртібі белгіленген.
Ендеше, бұл тәртіп іс жүзінде қаншалықты әділ орындалып жатыр?
Марапатқа ұсынылған мұғалімнің нақты еңбегін кім және қалай бағалайды? Оның оқушыларының жетістігі, кәсіби біліктілігі мен педагогикалық тәжірибесі қаншалықты ескеріледі? Бір адам бір төсбелгімен екі рет марапатталған жағдайда оның себебі тексеріле ме?
Бұлар – Оқу-ағарту министрлігі назар аударуға тиіс сұрақтар.
Өйткені мәселе жалғыз төсбелгіде емес.
Күн сайын сыныпқа кіріп, бала оқытып, сан жылын білімге арнаған ұстаздың еңбегі әділ бағаланбаса, марапатқа деген сенім де жоғалады.
Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталатын төсбелгінің қадірі оны алған адамдардың санымен емес, сол адамдардың білім саласына сіңірген нақты еңбегімен өлшенуге тиіс.
Ал егер қоғамда марапатты еңбегімен емес, таныстығымен алады деген түсінік орнықса, бұл жеке адамдарға ғана емес, тұтас педагог мамандығының беделіне нұқсан келтіреді.
Сондықтан министрлік марапаттау тәртібінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамда күмән туғызған жағдайларға нақты түсініктеме бергені жөн.
Ыбырайдың атын иеленген марапаттың абыройын қорғау – ең алдымен білім жүйесінің өз міндеті.